2023 жылдың 11 айында электрондық сауда көлемі шамамен 2,2 триллион теңгеге жетті. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды kazaknews.kz тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.
«Жаһандық электрондық сауда нарығы озық қарқынмен өсуде. Электрондық сауда жан-жақты дамуға ықпал ете отырып, әлемдік экономикалық өсудің жаңа драйверіне айналды. Халықаралық сарапшылардың болжамынша, 2026 жылға қарай В2С әлемдік электрондық нарығы – 8,2 триллион АҚШ долларын құрайды. Олардың бағалауынша, 2022 жылы бұл көрсеткіш 5,7 триллион доллар болған», – деді А. Шаққалиев Үкімет отырысында.
2022 жылы Қазақстанда электрондық сауда үлесі 12,5 пайызды құрады, бұл шамамен 2 триллион теңге. Интернет арқылы өткізілген негізгі тауарлар: үй тауарлары, киім, аяқ киім, тамақ өнімдері, косметика, дәрі-дәрмектер.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша электрондық сауда қызметтері нарығының көлемі 1,2 триллион теңге болған, оның 50,3% жолаушыларды тасымалдау қызметіне тиесілі. Өткен жылдың 11 айында электрондық сауда көлемі шамамен 2,2 триллион теңгені немесе бөлшек көлемінен 13% құрады. 2023 жылдың нәтижесінде жоспарланған электрондық сауда үлесі 13,2% құрауы тиіс», – дейді Сауда министрі.
Министрлік алдында электрондық сауданың үлесін 2030 жылға қарай 20% дейін жеткізу міндеті тұр.