Қазақстан экономикасының өсуі осы жылдың I тоқсанында 4,9%-ды құрады, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте мәлімдеді.
“Бүгінгі таңда ұлттық экономика қолайсыз сыртқы жағдайларға бейімделе отырып, орнықты өсу жолына шығып отыр. Сыртқы күрделі ахуалға қарамастан, 2022 жылы экономикамыздың нақты өсуі 3,2%-ды құрады. Елімізге $28 млрд тікелей шетелдік инвестициялар тартылып, 18% өсім қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі 8%-ға ұлғайды. Сыртқы сауда айналымы 32%-ға өсіп, $134 млрд болды”, – деді премьер-министр.
Оның айтуынша, жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 27%-ға артып, 1,8 млн-нан асқан. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 13%-ға өсіп, 3,9 млн адамға жеткен. Нәтижесінде экономикадағы ШОБ үлесі қазірдің өзінде 36%-ды құрады (бір жыл бұрын 33,5%).