8 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда даңқты балуан, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Бұл туралы мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.
Ескерткіш елордадағы Қабанбай батыр даңғылы мен Керей, Жәнібек хандар көшесінің қиылысында, Жақсылық Үшкемпіров аты берілген жекпе-жек сарайының алдында орналасқан.
Жақсылық Үшкемпіров ескерткішінің мүсіні қоладан, тұғыры граниттен жасалған. Биіктігі – 7,5 метр. Авторы – Ербол Зиябеков.
Салтанатты іс-шараға мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов, даңқты балуанның замандастары, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Айта кетейік, 2019 жылы ашылған Жекпе-жек сарайына былтыр желтоқсанда Жақсылық Үшкемпіровтың есімі берілді.