Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Асқар Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Бүгін ҚР Президентінің тапсырмасымен премьер-министр Бақытжан Сағынтаев пен Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков Жамбыл облысы мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты.
Сессия барысында Бақытжан Сағынтаев мемлекет басшысының облыстық мәслихат депуттарына Елбасының Асқар Мырзахметовты Жамбыл облысының әкімі ретінде тағайындау туралы ұсыныс хатын оқыды. Депутаттар бірауыздан мемлекет басшысы ұсынған кандидатураны қолдады.
Бақытжан Сағынтаев Асқар Мырзахметовтың әртүрлі жауапты басшылық лауазымындағы мол тәжірибесін алға тартып, жаңа басшылыққа мемлекет басшысының Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын іске асыру бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.
Асқар Исабекұлы Мырзахметов 1962 жылы 1 қазанда Шымкент қаласында дүниеге келген. Бұған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарды. Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты.
Бұдан өзге мемлекет басшысының жарлығымен Көкірекбаев Кәрім Насбекұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты Жамбыл облысының әкімі лауазымынан босатылды.