Қазақстан Президенті Корея Республикасының Президенті Мун Чже Инге көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Мирян қаласының ауруханасындағы өрт салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты көңіл айтты.
«Осынау қайғылы сәттерде корей халқымен бірге екенімізді жеткізгім келеді. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтаса отырып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін», – делінген жеделхатта.
Еске сала кетейік, сейсенбі күні күндізгі сағат 12:50 шамасында Оңтүстік Кореяның Мильян қаласының Кёнсан-Намдо провинциясында Седжон королдің атындағы ауруханада 41 адамның өмірін жалмаған өрт болды. Өрт салдарынан тағы да 79 адам түрлі дене жарақаттарын алған болса, 9 адамның халі мүшкіл.
Бес қабатты аурухананың бірінші қабатында басталған өртті сөндіруге шамамен екі сағаттан аса уақыт кеткен.