Елде 2020 жылы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аталып өтіледі. Бұл туралы жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Жарлықта 2019 жылғы 1 шілдеге дейін 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын (бұдан әрі – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы) дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылу қажеттігі, 2019 жылғы 1 қазанға дейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспары бекітілуі тиіс екендігі айтылады. Сондай-ақ Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін кешенді жаңғырту жөнінде қажетті шаралар қабылданып, 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізу қажеттігі алға тартылады.
“Абай Құнанбайұлының еңбектерін кең таралған негізгі шет тілдеріне сапалы аударуды жүзеге асыру, басып шығару және халықаралық ілгерілету жөнінде қажетті шаралар қабылдасын; Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) аясында мерекелеуді ұйымдастыру жөніндегі мәселені пысықтасын”, – деп жазылған жарлықта.
Аталған жарлықтың орындалу барысы бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелді.