Алматы облысы Қарасай ауданы Үшқоңыр жайлауына қарасты тау етегі өткен аптадан бері өртеніп жатыр. Бұл туралы Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, “екі аңғар өртеніп, от үшіншісіне жайыла бастаған”.
– Неше күн жанған шөптің түтіні, ыс ауылға жайылып жатыр, – деді ауыл тұрғындарының бірі.
Үшқоңыр ауылы маңындағы тау бөктерінде құрғақ шөптің өртеніп жатқанын Азаттыққа Алматы облысының төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі растады.
– Өткен бейсенбі, 25 шілдеде басталған өрт 26-сында өшірілген. Кейін 27-сі тағы өртеніп, оны да сөндірдік. 30-ы күні тағы өрт шығып, 31 күні өшірдік. Енді кеше 1-тамызда түнде тағы өрт туралы ақпарат келіп түсті. Әлі өртті сөндіріп жатырмыз. Өткен аптадан бері төрт рет өрт болған. Жалпы өртенген аумақ 100 гектардан асады. Қазір өрт сөндіру жұмысына жергілікті атқарушы органнан 18 адам және Қаскелең қаласының өрт сөндіру бөлімінен 10 адам жұмылдырылған. Таулы аймақ болған соң техникамен емес, жаяу жүріп, сумен емес “хлопушкамен” (басында темір қалағы бар ұзын ағаш) өшіріп жатыр”, – деді төтенше жағдай комитетінің Алматы облысы бойынша өкілі Азамат Жұртбаев.
Комитет өкілінің сөзінше, өрттің қайта-қайта тұтануына құрғақ ауа райы әсер етіп жатыр.