Астана араб-израиль қақтығысында бітімгершілікті қолдайды

0
73

Таяу Шығыстағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның бастамасымен шақырылған Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Төтенше саммитіне Мемлекет басшысының тапсырмасымен Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Ыстанбұл саммиттінде талқыланған басты тақырып Иерусалим қаласының мәртебесі туралы мәселе болды, деп хабарлайды ҚР Сенатының баспасөз қызметі.

Қазақстан Президентінің «Әлем. XXI век» манифесі туралы айта келіп, Қ. Тоқаев біздің еліміздің Таяу Шығыстағы бейбіт диалогты дамытуға және қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін атап өтті. Парламент жоғары Палатасының басшысы Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Астанада өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің және Сирия жөніндегі келіссөздердің осы процестегі елеулі рөлін атап өтті.

Қ.Тоқаев өткен жылдың сәуір айында Қазақстан мен Түркия көшбасшыларының Ыстанбұлда көтерген ислам бітістіру бастамасына саммитке қатысушылардың назарын аударды. Ол тиісті деңгейінде жүзеге асатын болса, мұсылман үмметінің бірлігі мен ынтымақтастығының алаңы бола алады.

«Ислам қоғамдастығындағы мемлекеттер мен діндер арасындағы айырмашылықтарды еңсеру оның бейбітшілік, тұрақтылық пен табысты даму аймағына айналуының шешуші факторы болар еді»,

– деді Сенат Төрағасы.

Сенат Төрағасы өз сөзінде Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің Шығыс Иерусалимнің Палестина мемлекетінің ажырамас бөлігі ретіндегі мәртебесіне қатысты белгілі қарарын барлық елдердің қатаң сақтауын жақтайды, деп атап өтті. Сенат Төрағасының айтуынша, БҰҰ баламасыз ұйым болып табылады, сондықтан оның шешімі әлемдік қоғамдастықта құрметпен жүзеге асырылуға тиіс. Қ.Тоқаев Қазақстан араб-израиль қақтығысын түпкілікті шешу және аймақта жалпыға бірдей бейбітшілік орнатуға бағытталған бітімгершілік жөніндегі күш-жігердің бәрін қолдайды, деді.

«Ұлы Иерусалим шаһары қашанда негізгі үш діннің басты киелері тоғысқан жер болып қала бермекші. Осы қалаға жекеше иелік етудің орта ғасырлық соғыстардың зұлмат дәстүрлерін жалғастырып келе жатқан қақтығыстардың одан ары жалғасуына жол бермеу қажет. Иерусалим бұл – барлық адамзаттың құндылығы болып табылатынын есте ұстаған абзал. Адамдар бұл киелі мекенде татулық пен өзара түсіністікте өмір сүруге құқылы. Бұл ретте, Қазақстан БҰҰ анықтаған Әл-Құдс (Иерусалим) қаласының ашық мәртебесін сақтауды қолдайды. Біз Таяу Шығыстағы бейбітшілікті нығайтуға мүдделі барлық мемлекеттердің күшін біріктіру қажет деген ұстанымдамыз»,

­­- деді Сенат басшысы.

Қ.Тоқаев сөзін қорытындылай келіп, екіжақты палестин-израиль үлгісінде, сондай-ақ Таяу Шығыс «квартеті» (Ресей, АҚШ, ЕО және БҰҰ) шеңберінде «екі халық үшін екі мемлекет» қағидатына сәйкес Таяу Шығыс мәселесін реттеу бойынша келіссөздер процесін жедел белсендендіру қажет екенін айтты.

Сабина Сайлаубай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз