Бүгінгі Өңірлік БАҚ форумының ресми ашылуында сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов қазақ тілді сайттарда бірлікке селкеу түсіретін дүниелердің көбейіп келе жатқанын және мұның арты жақсылыққа апармайтынын ашық айтты.
«Өкінішке қарай, қазіргі кезде саяси экстремизм, ұлттық пен рулық алауыздықты туғызатын жағдайлар аз емес. Мәселен, қазақ тіліндегі сайттардың бірқатарында ұлттың бірлігіне селкеу түсіретін, жекелеген өңірлерге, жекелеген тайпаларға, жекелеген руларға тіл тигізетін, күлкіге айналдыратын мәселелер дендеп бара жатыр. Осы мәселеге баса назар аударғым келеді. Бұл жақсылық емес», – деген Мәжіліс депутаты күлкімен басталған әр істің соңы жарға жығатынын қадап айтты.
Бұдан өзге С. Әбдірахманов білікті кадрлардың өз өңірінде қалып қою мәселесін талдап, өңірлік сананың орнығып кетпеуін қадағалау керектігін атап өтті.
Сөз соңында журналистикада ең басты азаматтық позиция маңызды екенін тілге тиек етті.
Сабина Сайлаубай