Алматы қаласына сапармен келген әйгілі оператор Ник Вуйчич қазақстандықтарға өмірі мен мансабы, кәсібі туралы әңгімелеп,екі аяғынсыз дүниеге келген Әли Тұрғанбековпен жеке кездесті, деп хабарлайды Қазақпарат.
Екі аяғынсыз дүниеге келген Әли Тұрғанбеков Талдықорған қаласының тумасы. Әли дүние есігін ашқалы уайымы арылмаған Тұрғанбековтар отбасы балабақша мен мектеп мәселесіне келгенде де қиындықтарға кездесіп Алматыдан Астанаға көшуге мәжбүр болады.
Елордалық мектептерде ерекше балаларға арналған мүмкіндіктер жоқ болғандықтан Әлиді Астанада да мектепке қабылдау барысында біраз қиындықтарға тап болды.
Дегенмен, қайырымды жандардың септігімен Әли халықаралық “Нұрорда” мектебіне қабылданады. Мектеп әкімшілігі мен қызметкерлер, оқушылар, ата-аналар Әлиді жылы қабылдай білді.
Әлидің әкесі Азамат Тұрғанбеков «Егер біз бүгінге дейін барған екі мектепті салыстырар болсақ, онда олардың арасы жер мен көктей. Әрине мектеп әкімшілігінің шарттары мен талаптары бірдей. Дегенмен оқушылар мен мұғалімдердің тіпті ата-аналардың ұлымызға деген көзқарасы таңқаларлықтай ерекшеленді. Біз Әлиді мектепке алып келмей тұрып мектеп ұжымы өздеріне екі апта уақыт беруімізді сұрады. Олар үлкен іс жасады. Ата-аналармен, балалармен тығыз байланыс жасап ұлымыздың жайын түсіндірді. Мен осы мектептің барлық оқытушылар құрамына, оның басшылығына, менеджерлеріне, оқушыларына және олардың ата-аналарына баламды жылы қабылдағанына өте ризамын. Мен олардың барлығына алғысымды білдіремін», деді.
Азаматтың айтуынша Әли бұл кездесуді көптен күткен. Анасы Ақмарал Ник Вуйчич пен Әлидің кездесуіне бір ай бұрын келіскен. Әли мен Ник кездесу барысында 30-40 минут көлемінде әңгімелескен екен.
Азамат Тұрғанбеков «Бұл кездесуде біз Никпен жетістіктерімізбен бөлістік. Олар қалжыңдап көңіл көтеріп, құшақтасып, кейін бірге суретке түсті», дейді.
Ник мұндай балалардың ата-аналары бірігу керек екені жайында және Қазақстанға қолынан келгенінше көмек көрсететінін айта кетті.
Әлиге Никтің өзі таң қалды
«Кездесу барысында Никпен жетістіктерімізбен бөлістік. Әлидің футбол ойнап жүзумен айналысқанды жақсы көретінін айттық. Әлидің футбол ойнап гол соққан видеоларын көрсеткен кезде Ник күліп жіберіп, аяғы жоқ баланың доп тепкеніне таң қалғанын жасырмады», дейді Әлидің әкесі.
Азамат «Әли Никпен кездескеніне қатты қуанып, бақыттан жүзі бал-бұл жайнағанын көрдім», деп қоса кетті.
Басындағы қиындықтары жайлы сөз еткісі келмеген Азамат «Никке өз қиындықтарымыз жайлы айтқымыз келмейді. Мұнда ол үшін келген жоқпыз. Бірақ Ник Вуйчич әңгімелесу үстінде қиындықтарымыз туралы өзі сұрай бастады. Біз Астана әкімі баспана мәселесін шешуге көмектесетіні туралы уәде бергенін айттық. Жақында ол кісінің қабылдауында болдық. Ол көмектесуге тырысатынын айтып, уәде берді. Онымен электронды мекен жайымызбен және телефон нөмірлерімізбен алмастық», – дейді.
Алматыға келе алмаған Әлидің анасы, әкесі жіберген суреттерді көргенде еріксіз көзіне жас алып «Басымыздан өткен сезімдерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ник адамды жігерлендіре біледі. Суретке қарап, көзіме жас алдым. Алла Әлиімнің Ник сияқты табысты адам болуын жазсын! Мен алғаш рет Малаховқа хат жазғып, Никпен кездесу ұйымдастыру туралы ұсынғанымда, Никпен Мәскеудегі бағдарлама түсірілімінде кездестік. Өкінішке орай, ол кезде бүгінгідей жақын араласқан жоқпыз. Ник Әлидің инстаграмдағы Ali_Amir_happy парақшасын көріп, ұлым екеуі қалжыңдасып, күліп отырды», – дейді Ақмарал Әміреева.
Еске салайық, әлемге танымал мотиватор, оратор Ник Вуйчич желтоқсанның 1-2 аралығында Алматыда өткен форум барысында көпшілікке дәріс оқыды.
Жадыра Аманбайқызы