1 сәуірден бастап Қазақстанда такси жүргізушілері жолаушыларға түбіртек беруге міндеттелді. Бұл туралы ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінің порталы хабарлады.
Атап айтқанда, “Салық төлеушілер Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асырғанда ақшалай есеп айырысу кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданатын қызмет түрлерін бекіту туралы” қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы №206 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
Өзгерістер 1 сәуірден, яғни бүгіннен бастап күшіне енеді. Оған сәйкес, салық төлеушілер өз қызметін жүзеге асырғанда ақшалай есеп айырысу кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданатын қызмет түрлерінің тізімі ұзарып, 323-ке жеткен.
Такси жүргізушілерімен бірге түбіртек беруге шаштараз және сұлулық салонының қызметкерлері, ломбардтар мен қонақүйлер, құмар және бәс тігу ойындарын ұйымдастырушылар, сондай-ақ сылақ жұмыстарын орындаушылар, аудио және бейнетехникалардың, тұрмыстық электр аспаптарының бөлшек саудасымен айналысушылар міндеттелген. Түбіртек беруге міндеттеліп отырған қызмет түрлерінің толық тізімін мына жерден көруге болады.