Қазақстан Президенті Мәжілістің пленарлық отырысы барысында Парламент Мәжілісінің депутаттарына арналған сөзінде бұрынғы Үкіметтің жаһандық дамудың күрделі жағдайына қарамастан экономиканың өсімін сақтауға күш салғанын атап өтіп, Үкімет мүшелеріне атқарған жұмысы үшін ризашылық білдірді.
Мемлекет басшысы бұрынғы Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жайында арнайы пікір білдіріп, “Ол бұған дейін Павлодар облысының әкімі, экономика министрі, вице-премьер, бірінші вице-премьер лауазымдарын лайықты атқарып, өзін жақсы қырынан көрсетті. Бақытжан Сағынтаев – адал әрі тәжірибелі азамат. Ол басқа да салаларда қызмет ете алады. Бірақ, жекелеген министрліктердің, әсіресе әлеуметтік саладағы ведомстволардың жұмысындағы олқылықтар бүкіл Үкіметтің отставкаға кетуіне әкеп соқтырды” – деді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жүргізілген саяси жаңғырудың нәтижелеріне тоқталып, оның аясында билік тармақтары арасында өкілеттіктердің қайта бөлінгенін атап өтті.
“Үкімет өзіне қажетті құзыреттің бәрін алды. Енді, халық алдындағы міндеттерін мінсіз атқарып, өз қызметі үшін жауапты болуға тиіс. Мұндай жауапкершілік әлеуметтік және экономикалық бағдарламалардың тиімділігіне тікелей жауап беретін түрлі деңгейдегі әкімдерге де жүктеледі. Олар тұрғындардың арыз-шағымдарына жедел жауап беріп, ең бастысы, тиісті шаралар қабылдауы қажет”, – деді Қазақстан Президенті.