БҰҰ корейаралық диалогты толықтай қолдайды және аталған процеске үлес қосу мүмкіндігін талқылауға толыққанды әзір. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттереш Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Инмен телефон арқылы сөйлесу барысында мәлімдеді.
Қос тарап 30 сәуірде телефон арқылы тілдескен, деп хабарлайды БҰҰ баспасөз қызметі.
Өз кезегінде Оңтүстік Корея президенті БҰҰ-ға Солтүстік Кореядағы ядролық полигонның жабылуы және демилитаризацияланған аймақты трансформациялау ісінде қолғабыс етуді сұрады.
27 сәуірде Ким Чен Ын Оңтүстік Кореяның шекарасын 65 жылда тұңғыш рет кескен КХДР президенті болды. Қос тарап саммит өткізді. Саммит қорытындысы бойынша, КХДР мен Оңтүстік Корея Корей түбегін толықтай ядролық қарусыздандыру және бейбітшілікке ұмтылу мақсатында қарым-қатынастарды жақсарту мәмілесіне қол жеткізді.
Сафина Саид