27 қыркүйектен бастап бірқатар қазақстандық банктердің серверлеріне, соның ішінде Homebank интернет-порталына хакерлердің белсенділігі артты. Бұл туралы Qazkom баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Банк мамандары 27 қыркүйекте портал жұмысын бұғаттайтын IP-адрестердің үлкен санынан бір мезетте жалған сұраулар түрінде DDoS-шабуылды анықтады», – деп мәлімдейді банк.
Баспасөз қызметінде клиенттердің шоттарын қорғауды қамтамасыз ету үшін банк мамандары хакерлердің әрекеттерін бейтараптандыру мақсатында қажетті техникалық шараларды қолданатыны аталады.
«Операцияларда кідіріс орын алса немесе сайт уақытша қолжетімсіз болса, кешірім өтінеміз. Біз Homebank жұмысын қалыпқа келтіру үшін бар күшімізді саламыз, түсіністікпен қарауды сұраймыз», – деп хабарлайды Qazkom.
Халық банкі баспасөз қызметі DDoS шабуылдары олардың серверлеріне және қызметтеріне әсер етпегенін хабарлады.
«HalykBank қызметтері мен жүйелері штаттық режимде жұмыс жасап тұр. Банк мамандары жағдайды бақылап отырады және ықтимал шабуылға қарсы тұру үшін жедел шаралар қабылдауға дайын. Клиенттердің қаржыларына қауіп төнбеді және операциямен байланысты проблемалар жоқ», – деп хабарлайды Халық банкі.
Kaspi bank бар қызметтер жүйелі жұмыс жасап тұрғанын мәлімдеді.
«Біз әрқашан жағдайды мұқият қадағалап отырамыз және аталған шабуылдарды болдырмау әрі қорғау үшін белсенді жұмыс жасаймыз», – деп мәлімдеді банктің баспасөз қызметі.
Жақында ҚР ҰҚК (Ұлттық қауіпсіздік қызметі) банктер хакерлік шабуылдар туралы ақпартты жасырды деп мәлімдеген болатын.
2017 жылы алты банк фишингтік шабуылға ұшыраған, олардың тек біреуі ғана ҰҚК-ға жүгінген.
Атап өтерлігі, ҰҚК-де Қазақстан банктеріне шабуыл шетелдік IP-адрестерден жүзеге асырылғанын мәлімдеді.
«2017 жылғы 28 қыркүйекте Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің Интернет-ресурстарына қарсы DDoS- шабуыл жасалды. Нәтижесінде банктердің интернет-ресурстары белгілі бір уақыт ішінде қол жетімді болмады. Шабуыл шетелдік IP-адрестерден жүзеге асырылды, ол аталған елдердің компьютерлік инциденттеріне тиісті жауап қызметтерімен ақпараттандырылды », – деп мәлімдейді ҚР ҰҚК Мемлекеттік техникалық қызметі.
Сайлаубай Сабина