18 мамырда мемлекет басшысының тапсырмасымен Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов 2018 жылғы 14 мамырда Газа секторында орын алған оқиғаға байланысты Ыстанбұлда Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммитіне қатысты. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.
Қазақстан тарапы Палестинадағы ахуалдың шиеленісуіне алаңдаушылығын білдіріп, бейбіт халыққа қарсы қарулы күш қолданылуына қарсы екендігін жеткізді, сондай-ақ зорлық-зомбылықты дереу тоқтату үшін халықаралық қауымдастықты барлық мүмкін шараларды қолдануға шақырды.
Сонымен қатар, сыртқы саясат ведомствосының басшысы әртүрлі этникалық топтар мен діни нанымдарды ұстанған халықтардың ортақ үйі болып табылатын Иерусалим қаласындағы палестиналықтар мен израильдіктер бір-бірінің өмір сүру құқықтарына құрмет көрсету қажеттілігін баса айтты. Аталған құқыққа күмән келтіру, сондай-ақ қаланың тарихи статусын өзгерту Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндіреді, дейді Қ. Әбдірахманов.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблеясының шешімдері мен қарарларына қатысты өз айнымастығын растай отырып, Сыртқы істер министрі Қазақстанның Таяу Шығыстағы жағдайды саяси диалог жолымен бейбіт саяси процесінің аясында толыққанды реттеу үшін дереу, дәйекті және жан жақты шешімдер қабылдануына қолдау көрсететінін баяндай келе, Израиль мен Палестина басшылығын екі мемлекеттің бейбітшілікте өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдар жасауға шақырды.
Ыстанбұлдағы Ислам ынтымақтастық ұйымының төтенше саммитіне ИЫҰ-ның 40-тан астам мүше елдерінен мемлекет, үкімет, парламент басшылары мен сыртқы істер министрлері қатысты.
Саммит нәтижесінде коммюнике қабылданды. Құжатта ИЫҰ елдерінің өкілдері Палестина халқына толық және жанжақты қолдау білдірді.
14 мамырда Газа секторында Израильдің құрылғанына 70 жыл толуына және АҚШ-тың елшілігін Тель-Авивтан Иерусалимге көшіруіне орай наразылық акциясы өтті. Израиль әскерилері наразылыққа шыққандарға оқ атқан. Өзара қақтығыс салдарынан 59 палестиникалық қаза тауып, 2,7 мың адам жараланған. Палестина көшбасшысы Махмұд Аббас елде үш күндік аза тұту күнін жариялады.