Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ипотекалық несиені 10 жыл көлемінде өтеу өзі үшін “әлдеқайда қиын” болғандығын айтты. Бұл туралы министр жастар саясаты бойынша Сенатта өткен “дөңгелек үстелде” мәлім етті, деп хабарлайды Қазақпарат.
“Мен өткен жылы өзімнің 10 жылдық ипотекалық несиемді төлеп бітірдім, яғни несиені 2008 жылы алған едім, 2018 жылы толық өтедім әрі бұл әлдеқайда қиын болды”, – дейді Сүлейменов қатысушылардың сұрағына жауап беру барысында.
Осы орайда Ұлттық экономика министрі жастарға шешім қабылдамай тұрып өзінің қаржылық мүмкіндігін есепке алу қажеттігі туралы кеңесін де аямады.
“Қашан да өз мүмкіндігіңді білу керек. Бізде тұрғын үйді жалға алу бар. Иә, менталитетімізді есепке ала отырып, біз басымызда жеке баспанамыздың болғанын қалаймыз. Алайда, біріншіден, сен басыбайлысың, осы уақыт аралығында психологиялық шаршауды бастан кешіресің, себебі айлық қаражатыңның басым бөлігін ипотекаға салуыңа тура келеді. Ипотеканы мүмкін болғанша арзандатуға болады, қанша дегенмен бұл қаражатты алған адамдар өмірдегі қиын жағдайларда мүмкіндіктерін есепке алмаулары ықтимал. Сол себептен бұл мәселеге басқа көзбен қарау керек”, – деді Сүлейменов.
Министрдің пікірінше, тұрғын үйді сатып алмас бұрын, жеткілікті еңбек қабілетіне ие болу қажет.
“Бүгін Атыраудасың, ертең Павлодарда, келер күні Алматыда, сол себептен үйді жалға алған сәтте оған басқа көзқарас таныту қажет, әрі дәл осында меніңше жастарға шығар жол бар”, – деп түйіндеді сөзін министр.