Иерусалим АҚШ елшілігінің ел аумағында ашылуына ресми түрде дайын.
Ешілік дүйсенбі күні Иерусалимдегі Арнона кварталына көшеді. Аталған кварталда Америка елшілігі орналасатын ғимарат бар. АҚШ-тың Иеруслаимдегі жаңа елшілігінің құрылысы әзірге басталмады.
Салтанатты іс-шараға Израильдегі барлық аккредитацияланған елшілер шақыртылды. Дегенмен, өздерінің аталған іс-шараға қатысатындығын 86 елден тек 34 мемлекет қана растаған.
Өз кезегінде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху барлық мемлекеттерге АҚШ-тан үлгі алып, өз елшіліктерін Иерусалимге көшіруге шақырды.
Euronews таратқан ақпарға сәйкес, Иерусалимге АҚШ президентінің қызы Иванка Трамп пен күйеу баласы Джаред Кушнер келді. Гватемала мен Парагвай да АҚШ-тың ізімен өз елшіліктерін Иерусалимге көшіреді деп күтілуде.
Өткен жылы АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль астанасы ретінде Иерусалимді мойындайтынын ресми мәлімдеді. Трамп Мемлекеттік департаментке АҚШ елшілігін Тел-Авивтен Иерусалимге көшіру туралы тапсырма міндеттегінін атап өтті. Трамптың аталған шешімі жаһандық кеңістікте ауқымды резонанс тудырды. Түркияда АҚШ президентінің шешіміне қатысты қарсылық акциясы басталса, Батыс баспасөздері «Вашингтон Таяу Шығыста жаңа саяси дағдарыс тудырды» деп жазды.
Сонымен қатар Мысыр, Катар және Иран Трамптың Иерусалимді Израиль астанасы деп тану шешімін сынға алды. Өз кезегінде, осы жылдың наурыз айында Каирда өткен Араб елдері Лигасы сыртқы істер министрлері басшыларының кездесуінде палестина-израиль кикілжінін реттеу бойынша Палестина ұлттық автономиясы президентінің жоспары мақұлданып, лига елдері Иерусалимді Палестина астанасы деп мойындау туралы шешім қабылдады.
Сафина Саид