ҰҚК мемлекеттік техникалық қызмет директорының орынбасары Зекен Исмайылов қауіпсіздік сертификатының VPN-ды бұғаттай алатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, қауіпсіздік сертификатының көмегімен VPN-ды бұғаттау үшін соттың шешімі немесе құзіретті мемлекеттік органның нұсқауы қажет.
“Негізі, техникалық тұрғыда олай істеуге болады. Қауіпсіздік сертификаты тек қауіпті контентті ғана бұғаттайды. Ал соттың шешімі немесе құзіретті мемлекеттік органдардың нұсқауы болса, VPN да бұғатталады. Ондай шешім болмаса, бұғатталмайды”, — деді Исмайылов журналистерге берген сұқбатында.
Спикер қауіпсіздік сертификатының сенім мәртебесін алмағанын да түсіндірді. Оның айтуынша, алдағы уақытта осы мәртебені алу жоспарланып отыр.
“Сенім мәртебесін алу – бұл арнайы процедура. Одан өту үшін уақыт қажет”, — деді ол.
Журналистер қауіпсіздік сертификатын орнатқан адамдардың статистикасы қалай жүргізілетінін де сұрады. Исмайыловтың сөзіне қарағанда, ондай есеп жүргізілмейді. Себебі мұны жасау үшін әрбір адамның ұялы телефонына кіру керек.