Астанадағы «Абу-Даби Плаза» құрылыс кешеніне қатысты шу шықты. 400-ге жуық қызметкер өздеріне ақшалай өтемақы төлеместен бір түн ішінде заңсыз жұмыстан шығарып жіберген компания басшылығына шағымданды.
Құрылысшылардың айтуынша, жұмыстан шығару туралы хабарды олар жұмысқа келгенде бірақ білген, бұған дейін ескерту жасалмаған.
Құрылысшылардың бірі Мұхтар Қалдыбек КТК телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында қатардағы құрылысшы жігіттердің көбі заңды нақты білмегендіктен, басшылық мұны пайдаланатындарын айтады.
М. Қалдыбектің сөзінше, басшылық жекелей кабинетке шақыртып, жақын күндері жұмысқа жаңадан жұмысшылар құрамын жинақтайтындарын, кейіннен оларды қайта шақыратындарын айтып, құжаттарға қол қойдыртпақ ниетте болған. Бұған дейін құрылысшылар “Казинжиниринг”, “Мониторинг”, “ЭКСПО”, “Казстрой” сынды отандық құрылыс компанияларында жұмыс істеген.
Ал Мақсат Ахметовтың айтуынша, басшылық кеңседе өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініштерді жазып қойып, қол қоюға шақыртқан. М. Ахметов өз еркімен қол қоймайтынын айтса да, басшылық заң бойынша жұмыстан шығаратындарын айтқан.
Өз наразылықтарын құрылысшылар Астана қалалық прокуратураға, полиция бөлімшелері мен «Нұр Отан» партиясының филиалына жеткізген. «Нұр Отан» партиясының астаналық филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеев даудың түйіні мәселенің жай-жапсары анықталғаннан кейін шешілетінін алға тартты.
Өз кезегінде құрылыс компаниясының басшылығы бұрынғы қызметкерлермен тілдеспеді.