«Ұлттық домбыра күні» Парижде атап өтілді

0
155
Қазақстанның Франциядағы Елшілігінде осы айда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен Ұлттық домбыра күніне орай салтанатты шара өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Шара барысында, диаспора өкілдері мен француз азаматтары асырап алған қазақ балалары, «Қорқыт» мәдени орталығының жеткіншектері, Елшілік қызметкерлері мен олардың отбасылары бірлесе мерекелік концерттік бағдарлама ұсынды. Домбырада ұлы сазгерлердің күйлері мен танымал халық әндері орындалды.

Сондай-ақ, көрермендер қобыз, жетіген және басқа да музыкалық аспаптардағы шығармалар тыңдады. Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев шараның ашылуындағы сөзінде жиналған қауымды құттықтап, Елбасының бұл мерекені еліміздің ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау және қайта жаңғырту мақсатында бекіткенін жеткізді.
Ол, сонымен қоса 2014 жылы дәстүрлі қазақ домбырасындағы күй орындау өнері ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізілгенін атап өтті. Сонымен қатар, Ж. Ғалиев Франциядағы қазақ мәдениетін насихаттау бойынша белсенді жұмысы үшін «Қорқыт» орталығына алғысын білдірді.

Елшілікте бас қосқандар домбыраны халқымыздың бай мәдени мұрасының негізгі символдарының бірі екендігін атап өтті және жаңа мереке барлық қазақстандықтардың ұлттық бірегейлігі мен бірлігін нығайтуға ықпал ететін жақсы дәстүрді қалыптастыратынына сенім білдірді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз