Миллиардқа мәміле, роботтан пікір, “ақылды” қалалар: Астанада мэрлер форумы қалай өтті?

0
199

2-3 шілде күндері Астанада Жібек жолы елдері мэрлерінің форумы өтті. Форум барысында халықаралық сауданың жаңа ережелері, криптовалюталарды пайдалану, әйелдер мен жастардың, үкіметтік емес ұйымдар мәселелері, Жібек жолын цифрландыру маңыздылығы, экономикалық теңсіздікті төмендету, тұрақты даму мәселелері қаралды.

Форум 2 шілдеді елордадағы Тәуелсіздік сарайында бастау алды. Форумға Жібек жолы елдерінің әкімдері, жетекші сарапшылар, бизнес көшбасшылары, ТҰК, әлемдік БАҚ, даму институттары және қоғамдық ұйымдар қатысты. Спикерлер қатарында Болгарияның мемлекеттік және саяси қайраткері, Болгарияның үшінші президенті Стоянов Пётр, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, РФ, Челябинск қаласының мэрі Евгений Тефтелев, Нобель жүлдесінің иегері Рэ Квон Чон, жасанды интелектке ие робот София бар. 2017 жылы Сауд Арабиясы азаматтығын алған жасанды интелектке ие робот София форум барысында қаланы аралап көргендігін айтып, өз пікірін білдірді.

Бүгін форум Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында жалғасын тапты. Пленарлық отырыс барысында сөз алған Астана әкімі Әсет Исекешев 2050 жылы Қазақстандағы қалаларда елдегі тұрғындардың 70 пайызы тұратынын алға тартты. “Урбанизация үрдісі жылдам жүруде” деген Исекешев 2 миллион адам тұратын қаланың дайындығын қолға алу керектігін атап өтті. “Біз 2 миллион адамға лайықталған 5 жылға құрылыс алаңдарын дайындап қойдық: қандай жолдар салу қажет, қандай инженерлік қызметтер қажет, тұрғындарға керекті мектептер, нысандар туралы да ойластырып жатырмыз”, – дейді Астана әкімі.

Өз кезегінде форумда сөз алған сарапшылардың сөзіне сенсек, 2050 жылға қарай жаһан жұртының 70 пайызы қалада тұрады. Бұл болжамды қала әкімі Исекешев те атап өтті. Бүгінгі панельдік отырысқа әлемнің 30 ірі мегаполисінің мэрлері қатысты. Мэрлер қалаларды тұрғындарға мейлінше ыңғайлы, таза әрі технологияға бейімді ету жайттарын қарастырды. Атап өтерлігі, Астанада агломерацияны дамыту бойынша жоспар қабылданды. Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылы агломерация саны 33 пайызға өсіп, 1 млн 600 мың адамды құрайды. Бүгінде Астана агломерациясында Қазақстан халқының 7 пайызы тұрады, бұл – 124 елді-мекен. Исекешевтің сөзінше, Астана әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан қала, 20 жыл ішінде қала халқының саны 3 есе артып, миллион адамды құраған.

Бейбітшілік және келісім сарайы

Форум барысында 25 миллиард теңге көлемінде 14 мәмілеге қол қойылды. Сондай-ақ, қала әкімдігі жасыл технологияларды енгізу, инвестиция тарту, сауда қатынастарын нығайту келісімдеріне қол жеткізді. Аталған келісімдер аясында Астанада заманауи мектептер, кондитерлік фабрикалар, жоғары технологиялы ет өндіруші кешен, ДНҚ диагонстикасы бойынша заманауи зертханалар мен киностудия тұрғызылады.

 

Сабина Ақтай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз