Нұр-Сұлтанда коронавирустан 8 науқас қайтыс болды. Бұл туралы 27 маусымда күндіз жедел штаб хабарлады. 1959, 1947, 1943, 1954 және 1955 жылғы бес ер адам және 1976, 1942, 1948 жылғы үш әйел адам көз жұмған.
Өлім-жітімді зерттеу комиссиясы олар коронавирустан қайтыс болды деген шешім шығарған.
Қазақстанда коронавирустан барлығы 158 адам қайтыс болды.
Пандемия басталғалы бері Нұр-Сұлтанда ресми мәлімет бойынша, вирустан 53 адам көз жұмған. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Нұр-Сұлтан қаласы вирус жұқтырғандар саны бойынша да республикада Алматыдан (5 117) кейін екінші орында тұр. Мұнда 4993 адамға вирус жұққан.
Елде коронавирус жұққан қайтыс болған ондаған адам өлімі ресми статистикаға енгізілмеген. Денсаулық сақтау министрлігі олардың “коронавирустан емес”, “басқа аурудан” қайтыс болғанын айтады.
Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, вирус жұқтырғандар 34,5 мыңнан асқан. Елде карантин шаралары жұмсарғаннан кейін індет өршіген. Осы аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды “вирус жылдам тарап жатқан елдер қатарына” қосты.