“Отаны бірдің – тілегі бір, жүрегі бір” – Елбасы

0
1,244
дереккөзден

Тұңғыш Президент кітапханасы жариялаған Елбасының дәйексөздері.

“Жалғыз Отан – Тәуелсіз Қазақстан”

Мейлі, сен патша не қойшы бол, бәрібір… Атамекеніңнен табаның тайса — жетім­сің…

***

Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде барлығы үшін тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашанда қарыздармыз.

***

Отаны бірдің — тілегі бір, жүрегі бір.

***

Бүгінгі қазақ қауымына аса қажет нәр­се — өзіміздің намысшылдық дәстүр­лері­­мізді дамыту.

“Жер тағдыры – ел тағдыры”

Жер жақындығы тағдырың мен тарихыңды жақындастырмай қоймайды.

***

Жер абаттанса, ел ауқаттанады.

***

Ауылдың амандығы — елдің амандығы.

***

Ауыл — қазақтың алтын бесігі.

***

Төрткүл дүниенің төрт құбыласынан тұрақты дос, айнымас әріптес, сапарлас серіктес, қақысы бұзылмас көрші тапқан Қазақстан жаңа мыңжылдықтың ұлы көшінде керуен тартып келеді.

“Ер жігіт елін сүйеді”

Мен өз халқымды сүйемін. Оның мені бала кезімнен сабыр мен парасатқа баулығанын мақтан тұтамын. Басымды иемін!

***

Кез келген халыққа бәрінен бұрын асқақ рух керек.

***

Садағаң кетейін, айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бойдағы қуат, ойдағы нәрдің бәрін сарп етуге бейілмін.

***

Мен өз халқымның көнбеске көніп, шыдамасқа шыдай білетін төзімділігіне қайран қаламын. Мәңгіліктің қатыгез тасқыны біржолата мүжіп, біржолата үгіп, біржолата шайып әкететіндей талай қилы кезең тұсында қиналса да, аман қала алыпты.

“Тіл – тірек”

Толыққанды тілсіз толыққанды ұлт болуы мүмкін емес.

***

Ұлттық сана ұлттық тілмен қалып­тасады.

***

…Қазақ тілі өзінің барша құдірет-қуатымен әлемдік тіл кеңістігінің құрамдас бөлігі болып табылады. Қазақ тілінің жетістігі — украин, өзбек және орыс тілдерінің жетістігі сияқты бүкіл адамзатқа ортақ мән-мазмұндық байлықтың бір бөлігі. Әлем халықтарының бірде-бірінің сөздігінде ұшыраспайтын, тек қана қазақ тілінің мүмкіндіктері арқылы нақтылы құбылысты танып-түсінуге болатын сөздер бар.

***

Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған — оның ғажайып тілі.

***

Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі — тіл.

“Бірлік түбі – береке”

Ендігі жерде біз бәріміз бір атаның — қазақ халқының ұлымыз. Ендігі жерде бәріміздің туған жеріміз біреу — ол жалпақ қазақ даласы.

***

Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген кісі өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды.

***

Жұлдыздың жаманы Айды күндейді.

***

Отбасында екеу келіспесе — шаңырақ шайқалады, екі басшы келіспесе — компания күйрейді, ал ел ішінде, ұлт пен ұлыс арасында жанжал шықса —мемлекет құлайды.

***

Қазақстандағы ұлтаралық жарастық­тың негізгі ұйытқысы болу міндетін алдымен осы атамекеннің иесі — қазақ халқы өз мойнына алуы керек.

***

Еңсесі биік елдікке есі кеткен ғана топырақ шашады.

***

Жаулықтың ең үлкені, ең қиыны — ынтымақ үшін ымыраға бара алмау.

 

Сабина Сайлаубай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз