7 ақпан Шымкентте танымал хирург, қалалық жедел жәрдем қызметі емханасының бас дәрігері Мәди Биғалиев өмірден өтті деген суыт хабар келді. Дәрігер 63 жасында көз жұмды. Жақын туыстарының сөзінше дәрігердің жүрегі тоқтап қалған, бір жыл бұрын операция жасатқан екен.
8 қарашада Шымкенттегі полиция департаменті Мәди Биғалиевтің өлімінің себебі суицид деп хабарлады. Бұл туралы полиция департаменті Informburo.kz редакциясына хабарлаған. Хирургтың денесі 7 ақпанда сағат 15.00-ге қарай үйінен табылған.
“Сағат 15.05-те 102 нөміріне дәрігерлерден хабар келді. Қызметкерлер дереу шығып, оқиға орнына 15.13-те жетті. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық Кодексі 105 бабына сәйкес “Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу” бабы бойынша тергеу-тексеру амалдары жүруде “, – деп хабарлайды ведомстваның баспасөз қызметі.
Дәрігердің өз-өзіне қол жұмсауына не түрткі болғаны әзірге белгісіз. Құқық қорғау органдары дәрігер басшылық еткен емханада тексеру жүргізді деген нұсқа расталмады.
Мәди Биғалиев медицина саласында 40 жыл еңбек етті, мыңдаған операция жасап, жүздеген өмірлерді сақтап қалды. Оның басшылығымен жедел жәрдем қызметі емханасында науқастарға алғаш рет бүйрек және бауырды ауыстыру операциялары жүргізілген еді.