Қазақстандық дипломаттар ресми түрде Қырғызстан тарапынан оқиғаның мән-жайы туралы толық ақпаратты сұратты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер минисрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
Айбек Смадияров: “Біздің Бішкектегі Елшілігіміз оқиғаның барлық егжей-тегжейін анықтағаннан кейін мұндай жағдайларда тиісті құқықтық және ұйымдастыру, соның ішінде құжаттарды рәсімдеу және марқұмның денесін отанына жіберу шараларын қабылдайды. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қырғызстанның шекара және консулдық қызметтері тиісті шараларды жүргізуде”.
23 қаңтарда Қырғызстанның Талас облысындағы Қазақстанмен шекарада қырғыз шекарашылары “Қазақстанға заңсыз жылқы айдап өтпек болған” белгісіз үш адамға оқ атқаны хабарланған.
Ұлттық қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, “шекарадан заңсыз өтпек болған белгісіз адамдар өздеріне күш көрсетпек болған соң” шекарашылар оқ атып, біреуін жаралаған. Екі адам жылқыларымен бірге Қазақстан шекарасынан өтіп кеткен. Сағат 12.15-те оқты жарақат алған шекара бұзушы (Қазақстан Республикасының азаматы, тергеу мүддесінде белгілік мәліметтері жарияланбайды) Талас ауылы ауруханасына тасымалдау кезінде қайтыс болды.
Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің хабарлауынша, қайтыс болған адам – 1974 жылы туған Жамбыл облысының тұрғыны. Ол бұған дейін ҚР ҚК 392 бабы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту» бойынша сотталған.
Қазіргі уақытта Тараз шекара отрядының күштері және құралдарымен шекара бұзушылар мен жылқыларды іздеу іс-шаралары жүргізілуде.