Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның азаматтарын Сириядан эвакуациялау жөніндегі гуманитарлық шараның аяқталуына байланысты мәлімдеме жасады.
6 қаңтарда Мемлекет басшысының тапсырмасымен құқық қорғау орындары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шаралардың нәтижесінде Сириядан 47 азамат елге оралды. Олардың отызы балалар.
Нұрсұлтан Назарбаев: Олар дағдарыс жайлаған елге алданып барып, террористердің тұтқынында болды. Қазақстанға келген соң әйелдер мен балаларға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілді. Осындай ауыр жағдайға ұшыраған бұл кінәсіз жандардың қуанышында шек жоқ. Олар бір ай бойы бейімдеу орталығында болып, қажетті медициналық көмек алады. Атқарылған жұмыс мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді. Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсетеді.
Мәлімдеме соңында Елбасы қақтығыс аймағында еріксіз жүрген балаларды қайтару шаралары әлі де жалғаса беретінін мәлімдеді.
Елбасы Сириядағы қазақстардың ахуалына байланысты жасаған мәлімдемесі барысында ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешовты қабылдады.