Сириядан оралған жігіт: Қазақстаннан кешірім сұраймын

0
168
Photo: Video grab

Тұрлан Әбухайыр соңғы 5 жылын Сирияда террористік топ құрамында өткізген. Ол жақта христиан ауылымен соғысқанын айтады. Бұл туралы ол Adil Ukim YouTube-арнасына берген сұхбатында әңгімеледі.

Әбухайыр – Атырау қаласының тумасы. Анасы қайтыс болған соң Исламға бет бұра бастаған. Елімізде тыйым салынған түрлі діни кітаптарды оқыған. 2014 жылы ДАИШ тобы (Қазақстанда тыйым салынған) Ислам халифаты құрылғанын жариялаған кезде, Әбухайыр сол жаққа баруды жөн деп шешкен. 25 жастағы ер адам әйелі мен баласын алып, әкесі мен қарындастарына айтпай, Сирияға кетіп қалған.

“2014 жылы Рамазан айында ресейлік жаңалықтардан Ислам халифаты жарияланғанын көргенмін. Сөйтіп, Шам жеріне бағыт алдым. Ешкім мәжбүрлеген жоқ, өз еркіммен кеттім. Өзіммен бірге әйелім мен кішкентай баламды алдым. Сирияда өз адамдары күтіп алды”, – дейді Тұрлан.

Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, ол террористердің әскери операцияларына қатысқан. Қару-жарақты, ұрыс жүргізу тәсілін жақсы меңгерген.

“Түрлі соғысқа қатыстым. Калашников автоматы, М-16 винтовкасы, Макар тапаншасы, RPG секілді қарулары болды. Сол жақта өздері үйретеді. Әскери дайындықты “Қазақ жамағатында” өткіздім, ол Шадат деген кішкентай ауылда орналасқан. Христиан ауылындағы күрдтермен соғыстық. Әскери әміріміздің бұйрығы бойынша мухаджирлер (арабша “көшіп келгендер”) христиан ауылына шабуыл жасадық”, – дейді Әбухайыр.

Айтуынша, террористер 10-15 жастағы балаларды араб тілін үйретіп, әскери дайындықтан өтуге мәжбүрлеген. Адам өлімін көп көргенін айтады. Өзі де жиһад жасауға шақырған.

“Әскерде шабуылдаушы, кейін барлаушы болдым. Өліп жатқан адамдарды көрдік. Бірінің аяқ-қолдары жұлынған, басы шашылып қалған. Арамызда көбіне өлетіндер – әйел, бала-шаға”, – дейді ол.

Әбухайыр күрдтердің қолына тұтқынға түсіп, “Жусан” арнайы операциясы аясында елге оралған. Оған “Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру”, “Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру”, “Террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу”, “Террористік немесе экстремистік даярлықтан өту” баптары бойынша айып тағылған. “Басында соғысқанда қорқыныш болатын. Кейін үйреніп кеттім. Қазақстан мемлекетінен кешірім сұрағым келеді. Жасаған қылмыстарымды мойындаймын”, – дейді Тұрлан Әбухайыр.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз