10 сәуірде Түркі елдері басшыларының коронавирусқа қарсы күреске арналған бейнеконференция өтеді. Бұл туралы Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасына жазды.
Берік Уәли бейнежиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да қатысатынын растады.
Бейнежиынның өтуіне Түркі кеңесінің қазіргі төрағасы, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев бастамашы болған.
Саммитке Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан мемлекеттерінің президенттері және Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан мен Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысады.
Бейнеконференцияда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры доктор Тедрос Адханом Гебрейесус та болады.
“Саммитте мемлекет басшылары коронавирус індетіне қарсы күреске ұлттық деңгейде қабылданған шаралар, денсаулық сақтау саласында көпжақты ынтымақтастықты дамыту және өңірде “COVID-19″ індетінің өршуін туындатқан ортақ мәселелерді шешу туралы пікір алмасады”, – делінген Берік Уәли таратқан мәлімдемеде.
Жиын соңында мемлекет басшылары бірлескен Декларация қабылдамақ.