Түркия Жоғарғы сот төрағасы Қазақстандағы “электронды сот” мүмкіндігін оң бағалады

0
82

Бүгін Түркия Жоғарғы сот төрағасы Исмаил Рюштю Джирит бастаған түрік делегациясы Қазақстанның Жоғарғы сот органына келді. Оның құрамына Түркияның Жоғарғы касациялық сотының республикалық Бас прокуроры Мехмет Акарджа, Түркияның Әділет министрінің орынбасары Шабан Йылмаз, сондай-ақ бірқатар судьялар, прокуратура өкілдері және түрлі деңгейдегі сот төрелігі өкілдері кірді деп хабарлайды ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі.

Кездесу барысында ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулинмен кездесу өтті. Кездесуді ашқан А. Рахметулин екі ел арасындағы қол жеткізілген жоғары деңгейдегі өзара қарым-қатынасының және қазақ-түрік сот жүйесінің ұзақ мерзімді ынтымақтастығының сындарлылығын атап өтті.

Өз кезегінде И. Джирит екі бауырлас елдің тарихи, мәдени және ұлттық ортақ мүдделерін тілге тиек етіп, 1991 жылғы тарихи оқиғаны яғни Қазақстан тәуелсіздігін ресми түрде мойындаған Түркия екенін атап өтті.

Әңгіме барысында тараптар екі елдің сот жүйесіндегі жұмыс туралы ақпарат алмасты.

А.Рахметулин қазақстандық сот төрелігі жүйесінің жұмысы туралы қысқаша ақпарат берді және Ұлт жоспары шеңберінде соттарды реформалаудың негізгі нәтижелерімен бөлісті.

И. Джирит түрік делегациясының қазақстандық құқықтық жүйеде жүргізіліп жатқан өзгерістермен танысуға және екі елдің жоғары сот билігі арасындағы ынтымақтастықты дамытуға баса назар аударатынын атады. Ол 2018 жылы Түркияның Жоғарғы касациялық және әкімшілік сотының құрылғанына 150 жыл толуына орай мерейтой өткізілетінін айтып, оған қазақстандық әріптестерін қатысуға шақырды.

Атап өтерлігі, Түрік делегациясы үшін Жоғарғы сот ғимаратында экскурсия  өткізілді. Қонақтарға пленарлық және сот ісін жүргізу залдары, сондай-ақ Сот Ситуациялық Орталығы көрсетілді. Шетелдік қонақтар әсіресе аудио, бейнежазба және бейнеконференция жұмысына қызығушылық танытты.

И. Джирит Ситуациялық орталық пен Қазақстандағы «электронды сот» мүмкіндіктеріне оң баға берді.

Сабина Сайлаубай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз