Денис Теннің өліміне қатысы бар күдікті ұсталды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлайды.
“Денис Теннің өліміне қатысты тергеу-тексеру амалдары бойынша қылмысқа қатысы бар күдікті ұсталды. Бір күдікті ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалды. Екінші күдіктіге қатысты іздестіру шаралары жүріп жатыр. Өзге тергеу амалдарына қатысты ақпарат жария етілмейді”, – деп хабарлайды ІІМ.
Прокуратура күдікті ретінде 1994 жылғы Жамбыл облысының тумасы Нұралы Қиясовтың ұсталғаны туралы хабарлайды. Күдікті уақытша қамау изоляторына жеткізілді. Прокурор таратқан ақпарға сәйкес, қорғаушының қатысуымен күдікті қылмысты жасағанын мойындаған.
“Қылмыстық іске қатысты кешенді тергеу-тексеру амалдары жүргізілуде. қылмыстық іс бас прокурор мен министрдің жеке қадағалауында “, – деп хабарлады Алматы қаласының прокуроры Берік Жүйріктаев.
Іс ҚР Қылмыстық Кодексі 99 бап (“Адам өлтіру”), 2 тармағы бойынша қаралады. Прокуратурада жедел тергеу-тексеру тобы Алматы қаласы ІІМ және ІІД-гі тәжірибелі мамандардан құралғандығын алға тартады, сондай-ақ департаменттің жеке құрамы да іске жұмылдырылды. Қылмыстық іс бойынша прокурорлар тағайындалды.
Денис Тен 19 шілдеде Алматы қаласында өз көлігінің айнасын қолды етпек болғандардың пышақ жарақатынан көз жұмды. Теннің өмірі үшін ақ халаттылар екі сағат алысты, дегенмен, құтқару мүмкін болмады. Д. Тен пышақ жарақаты салдарынан көп қан жоғалтқан күйі клиникалық өлім жағдайында емханаға жеткізілген.
Танымал спорт шеберінің ауыр қазасын қазақстандықтар үлкен күйзеліспен қабылдады. Мемлекет басшысы,министрлер, қоғам қайраткерлері, шетелдік өнер, мәдениет, спорт қайраткерлері қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.
Қазақстанның мәнерлеп сырғанаудан бас жаттықтырушысы Құралай Узурова Денис Тенмен қоштасу рәсімі 21 шілде Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтетінін хабарлайды. Қоштасу рәсімі сағат 10.00-де басталады.