ҚР президентінің баспасөз хатшысы Берік Құрманғали Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік желіде тек екі ресми аккаунты барын хабарлады.
Баспасөз хатшысы қазіргі уақытта әлеуметтік желіде мемлекет басшысының атынан ашылған жалған аккаунттардың көбейіп кеткенін алға тартты. Осыған байланысты жалған ақпарат тарап, коммерциялық мақсатта қолданылып жатқандары да барын жазады.
“Соңғы кездері әртүрлі әлеуметтік желілерде Мемлекет басшының атынан ашылған фейк аккаунттар көбейіп кетті. Сол арқылы жалған ақпарат таратып жатқандар да бар, кейбірі оны коммерциялық мақсатта қолданып жатыр.
Осыған байланысты барша әлеуметтік медиа қолданушылар мен БАҚ өкілдеріне ескертеріміз – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ресми тіркелген екі аккаунт қана бар. Олар: Twitter желісінде 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан – @TokayevKZ, сондай-ақ, 2019 жылдың сәуір айында Instagram желісінде ашылған @tokayev_online аккаунты.
Барша әлеуметтік желі қолданушыларды Мемлекет басшысы туралы нақты расталған ақпарат алу үшін жоғарыда көрсетілген ресми аккаунттарға ғана жүгінуге шақырамыз“, – деп жазды Б.Құрманғали.