Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин журналистерден кешірім сұрады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеме таратты.
13 ақпанда интернетте тараған видеода вице-министр Жұманғарин журналистер сұрағына жауап беріп тұрып, тілшілерге “жынымды келтірмеңізші” деп ұрсып тастайды.
“Журналистерге қатты сөйлегенім үшін өкінемін. Сөйлеу мәнерім шектен шыққанын мойындаймын. Ресми түрде журналистерден кешірім сұраймын. Журналистерді қызықтырған сұрақтарға жауап беруге дайынмын” деген вице-министр.
Журналистер вице-министрден тарифтер туралы сұраған. Жұманғарин “Тарифтер туралы кеше парламентте айттым. Бұл жерде шағын және орта бизнес туралы шара болып жатса менен тариф туралы сұрап тұрсыз. Кеңсеме келіңіз, тарифтер туралы айтамын. Жынымды келтірмеңізші” деген. Вице-министрдің бұл сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.