Руслан Дәленов ҚР ұлттық экономика министрі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.Бұған дейін аталған лауазымды Тимур Сүлейменов атқарған еді.
“Руслан Ерболатұлы Дәленов Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі болып тағайындалсын”, – деп хабарланады жарлықта.
Р.Дәленов Ыстамбұлдағы Мармара университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1999 жылы ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігінде бастап, жетекші маман, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары және басқарма басшысы қызметтерін атқарған. 2002 жылдың наурыз-қыркүйек айлары арасында ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігінің Кірістерді талдау және болжау департаментінде басқарма басшысы қызметін атқарған. Ал 2002 жылдың қыркүйегінен 2003 жылдың мамыр айына дейін ҚР Қаржы министрлігінің Кірістер, конвенциялар және келісімшарттар департаментінің ағымдағы кірістер басқармасының басшысы болған. Кейінірек ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитетінде кірістерді талдау және ағымдағы болжау басқармасында басшы қызметін атқарады. Содан Қаржы министрлігінің Талдау департаменті директоры болып жұмыс істейді. 2005-2008 жылдар арасында жеке секторда жұмыс істеген. Ал 2008 жылдың наурызында қаржы вице-министрі болып тағайындалады.