Түрікменстан президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхамедовтің ұлы, Түрікменстан үкіметінің вице-премьері Сердар Бердімұхамедов биыл 12 наурызда өтетін президент сайлауына түскісі келетінін жариялады. Бұл туралы Reuters агенттігі сүйенген RFE/RL қазақ қызметі хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, Сердар Бердімұхамедовтің кандидатурасын Түрікменстан билігіндегі Демократиялық партия ұсынған. “Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов осы партия атынан үш мәрте президент сайлауына қатысып, үшеуінде де “жеңіп шыққан еді” деп жазады RFE/RL Түрікмен редакциясы.
Түрікменстанның сайлау және референдум жөніндегі орталық комиссиясы дүйсенбі күні кезектен тыс президент сайлауының кампаниясы басталғанын хабарлап, ресми тіркеуде тұрған үш саяси партияның кандидат ұсынуына рұқсат берген. Үш күн бұрын Түрікменстанды 15 жылдан бері авторитар жолмен басқарып келе жатқан Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов отставкаға кететін ойы бар екенін аңғартқан.
Жерасты шикізаттарына өте бай, бірақ саяси және экономикалық тұрғыдан мейлінше оқшауланған бұл елде Демократиялық партиядан өзге Аграрлық партия және Түрікменстан кәсіпкерлері мен өнеркәсіп партиясы бар. Үшеуі де Бердімұхамедовті қолдайды, шынайы оппозициялық партия жоқ.
Президент сайлауы 12 ақпанда жарияланды. Одан небәрі бір күн бұрын ғана президент Бердімұхамедов “жастарға жол беру үшін отставкаға кеткісі келетінін” парламент жоғарғы палатасының кезектен тыс отырысында айтқан еді.
Түрікменстандағы саяси жағдайды бақылаушылар қазіргі президент билігін ұлына тапсырмақшы деп болжайды. Мұндай жорамалдар айтыла бастағанына бір жылдан асқан. 2021 жылдың қыркүйегіне 40 жасқа толған Сердар енді Түрікменстан конституциясы бойынша президенттікке түсе алады.
Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов 2007 жылы автократ президент Сапармұрат Ниязов қайтыс болғаннан кейін билікке келген.