Путин мен Жапаров Сочиде қырғыз-тәжік шекарасы мәселесін талқылады

0
181
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Ресей басшысы Владимир Путин. Photo: kremlin.ru

24 мамыр күні Сочидегі Бочаров Ручей резиденциясында Ресей басшысы Владимир Путин мен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров кездесті. 

Оқи отырыңыз: Қырғызстан Тәжікстанмен шекара байланысын толық тоқтатты

Путин мен Жапаров Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық бірлестік шеңберінде екіжақты өзара іс-қимылды дамыту мәселелері жөнінде әңгімелескен. Олар қырғыз-тәжік шекарасындағы тұрақтылықты нығайтуды қоса алғанда, өңірлік мәселелер бойынша да пікір алмасқан.

Ресей президенті тәжік-қырғыз шекарасындағы жағдайды мұқият және үлкен алаңдаушылықпен бақылағанын айтты.

“Өзіңіз білесіз, жақында Тәжікстан президенті де келіп кетті. Ол кісімен де осы мәселені талқыладық. Екі тарап келіссөздері нәтижесінде барлық даулы мәселені шешу ниетін оң қабылдады. Бұл мақсатқа дәл осылай қол жеткізуге болатынына сенімдімін”, – деді Путин.

Ресей президенті бұл мәселені шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты.

“Бұл жағдайдың қырғыз-тәжік халқының өміріне тікелей қатысты екенін жақсы білеміз. Екі тараптың да мүддесіне сай келетін, ұзақ мерзімді барлық сұраққа жауап бере алатын әдіс табу керек. Біз де осыған талпынып, барлық  жағынан көмектесетін боламыз”, – деді ол.  

Садыр Жапаров Ресей басшысына қырғыз-тәжік шекарасы мәселесіне танытқан түсіністігіне алғыс айтты. Оның Қырғызстан халқына деген қолдауын ерекше атап өтті.

“Ресей – біздің басты одақтасымыз әрі сауда-экономикалық серіктесіміз. Сондықтан бүгін барлық мәселе бойынша жемісті келіссөз жүргіземіз деп үміттенемін”, – деді Қырғызстан президенті.

Бұл Жапаровтың Қырғызстан президенті болғалы Ресейге жасаған екінші сапары.

28-29 сәуірде Қырғызстан-Тәжікстан шекарасында болған қарулы қақтығыс салдарынан қос тараптан адам шығыны көп болды. Ресми дерек бойынша, Тәжікстанда 19 адам қаза тауып, 87 азамат жарақат алған. Қырғызстан билігі 36 адам, оның ішінде екі бала мерт болып, 189 азамат жараланғанын хабарлады. Екі жақтың билігі соғыс өртін тұтатып, үлкен материалдық шығын келтірді деп бір-бірін айыптап отыр. Қос мемлекеттің бас прокуратурасы шекарада болған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтбаев Азаттық сайтына берген пікірінде Орталық Азия мемлекеттерінің арасында қайшылықтар болғанын Ресейдің қалайтынын айтады. Өйткені “Екі адам төбелессе, үшіншісі қуанады” деген принцип бойынша, Кремльдің қолында өңірді бақылауда ұстайтын құралдар бар.

“Аймақта Ресейді көбірек жақтайтын элита Қырғызстанда бар екені жасырын емес. Бұл Қырғызстандағы барлық президенттің бірінші кезекте Путинмен кездесуге баруынан көрінеді. Жапаровтың соңғы сапары да Бішкектің Мәскеуге қаншалық арқа сүйейтінін көрсетті. Бұл жағынан алғанда Орталық Азияның кей мемлекеті үшін Ресей қауіпсіздік пен тұрақтылық кепілі саналады”, – дейді Сәтбаев.

Саясаттанушы Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы кикілжің жергілікті сипатта қалып, бұрынғы формада сақталса, үлкен мәселе туа қоймайтынын айтады.

Алайда осының бәрі мемлекетаралық әскери қақтығысқа ұласса, босқындар пайда болып, берекетсіздік жайлағанда немесе ұлтаралық қақтығыс кезінде күшейетін террористік, экстремистік ұйымдар белсенділігінің артуы сияқты мәселелер шығып, бұл Қазақстанның қауіпсіздігіне қосымша соққы болуы ықтимал. Қазақстан осыған дайын болуы керек”, – деді саясаттанушы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз