Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 19 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жөнінде Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Құжатта “14-17 қыркүйек аралығында қырғыз-тәжік шекарасында болған қақтығыстың салдарынан қырғыз азаматтары опат болғаны”, соған орай аза тұту күні жарияланғаны жазылған.
“Жалпыұлттық аза тұту күні елдің барлық аумағында, сонымен бірге шетелдегі дипломатиялық және консулдық мекемелер ғимаратында ҚР мемлекеттік туы түсірілсін, мәдениет мекемелері мен телерадиокомпанияларға ойын-сауық шаралары мен бағдарламаларын өткізбеуге кеңес берілсін” деп жазылған жарлықта.
Қырғызстан ҰҚМК шекара қызметінің хабарлауынша, 18 қыркүйекте сағат 14.00-тегі жағдай бойынша шекарадағы ахуал тұрақталған.
16 қыркүйекте қырғыз-тәжік шекарасында ірі қақтығыс болды. Тараптар оқиғаға бір-бірін кінәлады. Сол күні атысты тоқтату туралы келісім жасалғанмен шекарада атыс қайта жалғасқан. Қырғызстанның Баткен облысында төтенше жағдай жарияланды.
17 қыркүйекте де шекарада қақтығыс тыншымады, тараптар бір-бірін келісімді бұзды деп айыптады.
Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі 18 қыркүйектегі мәліметтер бойынша Баткен ауруханасына тағы 13 адамның денесі жеткізілгенін мәлімдеді. Осылайша қақтығыс құрбандары 59 адамға жеткен, оның ішінде 15 жасар қыз да бар.
144 адам жараланып, ауруханаға түскен. Олардың көбі Бішкек пен Оштың ауруханаларына жеткізілген. Ресми хабарға қарағанда, 140 мың адам қауіпті аймақтан көшірілген.
18 қыркүйекте Тәжікстан сыртқы істер министрлігі Тәжікстанның 32 адамы өлді, оның көпшілігі – бейбіт тұрғындар деп жариялады.