Қазақстанның ұлттық футбол құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчында Босния және Герцеговина құрамасымен тең түсті.
Екі құраманың ойыны Зеница қаласында 2:2 нәтижесімен аяқталды.
Алдымен ойынның 52 минутында Исламбек Қуат есеп ашып, ұлттық құрама алға шықты. Бірақ ойынның аяқталуына 4 минут қалғанда есеп 2:1 болып, қарсыластың пайдасына шешіліп тұрды. Дегенмен қосымша қосылған уақыт кезінде Бахтиер Зайнутдинов айып добын орындап, есепті теңестірді.
Осылайша Қазақстан құрамасы 5 ойыннан кейін 3 ұпаймен D тобында 5-орында тұр. Ал, Босния және Герцеговина құрамасы Қазақстаннан бір ойын кем ойнаса да 3 ұпай жинап, төртінші орында тұр.
Ұлттық құраманың 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчтарында соңғы үш ойыны қалды. 9 және 12 қазан күндері өз алаңында Босния және Герцеговина мен Финляндия құрамаларын қабылдаса, 14 қараша күні сырт алаңда Франция құрамасына қарсы ойын көрсетеді.
Әлем чемпионаты 2022 жылы Катар елінде 21 қараша мен 18 желтоқсан аралығында өтеді.