Грек-рим күресінен Грузия астанасында өтіп жатқан ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық балуан 58 жастағы Қасенхан Серғазиев чемпион атанды.
Грек-рим күресінен сынға түскен ардагер балуан өз салмағында қарсылас шақ келтірмеген.
Шешуші финалдық сында түрік балуанын есеп басымдығымен ұтқан. Осылайша жаркенттік спортшы дүниежүзілік додада топ жарып, алтын жүлдеге ие болды. Енді осы қайсарлық пен қайрат қазір ел намысын қорғап жүрген жас жігіттерге де үлгі болса дейді сала мамандары. Өйткені жуырда ғана елордада өткен әлем чемпионатында ұлттық құрама бір алтын да ала алмаған еді.