Қазақстандық спортшылар қысқы олимпиадада қандай нәтиже көрсетіп жатыр?

0
268
Конькиші қазақстандық Бейжің олимпиадасында. Photo: Olympic.kz

Бейжіңдегі қысқы олимпиада ойындары басталғалы екі күн өтті. Қазақстандық спортшылардың бірқатары жүлдеге қол жеткізе алмай жарысты аяқтады. 

5 ақпанда Бейжің олимпиадасында фристайлдың могул түрінен ерлер арасындағы жарыста Қазақстан құрамасының лидерлері Павел Колмаков пен Дмитрий Рейхерд жүлдесіз қалды.

Рейхерд 8-орын, Колмаков 21-орынмен шектелді. Рейхерд 76,77 ұпай, Колмаков 74.09 ұпай алды.

Олимпиадада жүлде алу үшін спортшы 80 ұпайдан асу тиіс. Бірақ қазақстандық могулистер Бейжіңде 80 ұпайға маңайлай алмады.

6 ақпанда фристайлдың могул түрінен қазақстандық Юлия Галышева да медаль иелене алмады. 2018 жылғы Пхенчхан олимпиадасының қола жүлдегері Қытайдағы ойындарда қателесіп, үздік алтылыққа да енбей қалды.

29 жастағы Галышева бірінші финалда 74,97 ұпай алып, екінші финалға 7-орынмен шыққан еді. Екінші финалда бір трамплиннен секіру кезінде қателесіп, суперфиналға өтпеді. Галышеваның нәтижесі – 11-орын.

7 ақпанда 1500 метрге жүгіруде әйелдер арасындағы жарыста Надежда Морозова 14-орын, Екатерина Айдова 18-нәтиже көрсетті. Осыдан бірнеше күн бұрын Морозова 1500 метрге жүгіруден медаль алатынынан “жүз пайыз сенімді болған” еді.

Ол “Бар күшімді 1500 метрге салып, осы қашықтықта медаль алуға тырысамын. Қазақстанға медаль әперетініме жүз пайыз сенімдімін” деген

Спортшы бұл қашықтықты 1:56.85 минутта жүгіріп өтті. Әдетте 1500 метрде үштікке ену үшін 1:53.00 – 1:55.00 минут нәтиже көрсету керек.

4-20 ақпан аралығында Пекинде өтетін қысқы олимпиада ойындарына Қазақстаннан 34 спортшы қатысады. 2014 жылғы және 2018 жылғы қысқы олимпиадада Қазақстан бір қола медаль иеленген еді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз