Қытай астанасында өтіп жатқан қысқы олимпиада ойындарында қазақстандық Абзал Әжіғалиев шорт-тректен 500 метрге жүгіруде 4-орынмен, Денис Никиша 7-орынмен шектелді.
Олимпиаданың ашылу салтанатында ту ұстап шыққан Әжіғалиевтің 4-орыны Қазақстанның Пекин олимпиадасындағы ең үздік нәтижесі болып тұр. Осыған дейін Қазақстан шорт-трек құрамасы аралас (әйелдер мен ерлер) эстафетасында 5-орын, тағы бір шорт-трекші Әділ Ғалиахметов 1500 метрге жүгіруде 8-орын иеленген.
Жанкүйерлер Пекин олимпиадасында дәл осы Әжіғалиев пен Никишадан 500 метрлік жарыста жүлде күткен еді. Себебі екеуі де осыған дейін 500 метрде халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген.
Бұған қоса, 500 метр – Денис Никиша мен Абзал Әжіғалиевтің “оң жамбасына келетін” қашықтық. Екеуі бірнеше күн бұрын Пекинде Азаттық тілшісіне 500 метрден көп үміт күтетіндерін, осы қашықтықта барын салатынын айтқан еді.
Жарыстан соң Абзал Әжіғалиев RFE/RL тілшісіне пікір білдірді.
“Шорт-тректен әлем кубоктарында жақсы нәтиже көрсетіп жатырмыз. Қазақстан командасы әлемде үздік ондыққа кіреді. Бірақ соған қарамастан шорт-тректі көп адам білмейді. Бүгін осы шорт-тректі бәрі танып, білсін деп ойладым. Қысқы спорт қазақтарға емес деп айтады ғой. Сол стереотипті жойғым келді. Қазақтар да коньки тебе аламыз, әлемдік аренада мықтылармен жарыса аламыз дегенді дәлелдегім келді. Дәлелдедім деп ойлаймын. Бұйырғаны осы финал болды”, – деді спортшы.
29 жастағы Абзал Әжіғалиев осыған дейін 2014 жылы Сочи және 2018 жылы Пхенчхан олимпиадасына қатысқан. Пхенчхан ойындарында 500 метрлік жарыста 9-орын алған еді. Пхенчхан және Пекин олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан туын ұстап шықты.
Әжіғалиев Қазақстан құрамасына 2009 жылы қабылданып, 2011 жылы астана мен Алматыда өткен Азия ойындарында 5000 метрлік эстафетада қола медаль иеленген. Ал 2016 жылы Солт-Лейк-Сити (АҚШ) қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде 500 метрде алтын алды.
26 жастағы Денис Никиша да үшінші рет олимпиада қатысты. Ол былтыр қазанда Пекин мен Нагояда (Жапония) өткен әлем кубогы кезеңінде 500 метрде екі рет қола медаль иеленген.