Допингпен айыпталған Қазақстанның 9 спортшысы ақталды

0
108
Photo: Olympic.kz

Халықаралық биатлоншылар одағының (IBU) допингке қарсы панелі Қазақстанның тоғыз спортшысына тағылған уақытша жарыстан шеттету туралы айыптың күшін жойды. 

Ұлттық олимпиада комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2019 жылдың 24 маусымы күні Инсбуркте биатлоннан Қазақстан командасының жарыстан шеттетілген спортшыларына қатысты отырыс өтті. Отырыс IBU допингке қарсы панелінің бастамасымен болды. Қазақстандық спортшылар атынан Швейцария адвокаттары мен Қазақстан биатлоншылар одағының бас хатшысы Манас Үсенов сөз алды. Бұл отырыстың шешімі туралы 11 қыркүйекте мәлім болды.

Қазақстандық спортшылардан допингке қарсы ережені бұзғаны үшін тағылған айыптар алынды.

2018 жылдың 21 қарашасында IBU Қазақстан командасының негізі құрамын, оның ішінде Галина Вишневскаяны, Алина Райкованы, Дарья Климинаны, Ольга Полторанинаны, Ян Савицкийді, Максим Браунды, Анна Кистанованы, Антон Пантовты және Василий Подкорытовты жарыстардан шеттету туралы шешім шығарған болатын.  Барлық биатлоншыға халықаралық және республикалық жарыстарға қатысуға уақытша тыйым салынды.

2019 жылдың 5 наурызы күні Қазақстан биатлоншылар одағының апелляциясын қанағаттандырған Спорттық арбитражды сот (CAS) Галина Вишневскаяға тағылған айыптың күшін жойып, оның ұлттық құрама сапында сынға түсуіне рұқсат берді.

Біздің спортшылар жалпы есебі 292 күн бойы жарыстан шеттетілді. Біз Ұлттық олимпиада комитеті, Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, бұл істің оң шешімін табуына атсалыстық. Өйткені тексеру кезінде біздің биатлоншылардан алынған допинг сынама теріс нәтиже көрсетті.  Біздің спортшыларға қолдау көрсеткен баршаңызға рақмет, – дейді Қазақстан Биатлоншылар Одағының Президенті Ермек Қизатов.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылғы 8 ақпанда допинг қолданды деген күдікпен Австрияның федерал полициясы Қазақстан құрамасының спортшылары мен жаттықтырушыларының допингке жоспардан тыс сынамаларын алып іздестірді. Қазақстан құрамасына тиесілі қолданылған дәрі-дәрмектердің қоқыс жәшігінен табылуы допинг дауына себеп болды.

2018 жылдың 23 қарашасында  IBU-дан Қазақстан биатлоншылар одағына тоғыз спортшының 2017 жылғы ақпанда допингке қарсы іс-қимылға байланысты барлық жарысқа қатысудан уақытша шеттетілгені туралы ресми хабарлама келді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз