Литвада 12 қыркүйек пен 3 қазан аралығында өткен футзалдан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Турнирдің жеңімпазы Португалия атанса, ал Қазақстан үздік төрттікті толықтырды.
Әлем чемпионатының жабылу рәсімінде ойыншыларға жекелей және ұлттық құрамаларға жүлделері табысталды. Олар: үздік ойыншы, сұрмерген, үздік қақпашы және ең әділ ойнаған құрама.
Айта кетейік, Португалия құрамасы алтын медаль, Аргентина құрамасы күміс медаль, ал Бразилия құрамасы қола медаль иеленді. Қазақстан құрамасы қола медаль үшін таласта Бразилиядан 4-2 есебімен жеңілді.
Үздік ойыншы (adidas Golden Ball Award)
Португалиялық Рикардиньо Литвадағы FIFA 2021 футзалдан әлем чемпионатының үздік ойыншысы атанды. Рикардиньо, FIFA техникалық зерттеу тобының (TSG) қорытындысы бойынша үздік ойыншыға берілетін adidas Golden Ball сыйлығын жеңіп алды. Ал, португалиялық Пани мен қазақстандық Дуглас сәйкесінше екінші және үшінші орындарды иеленді.
Сұрмерген (adidas Golden Boot Award)
Үздік сұрмерген номинациясын бразилиялық Феррао жеңіп алды. Ол жеті матчта 9 гол соғып, 2 нәтижелі пас берген. Одан кейін екінші орында жеті мачта 8 гол мен 1 нәтижелі пас берген португалиялық Пани тұр. Ал үшінші қола бутсаны жеті матчта 6 гол соққан қазақстандық Тайнан жеңіп алды.
Үздік қақпашы (adidas Golden Glove)
Аргентина құрамасының қақпашысы Николас Сармьенто Adidas алтын қолғабын жеңіп алды. Дегенмен Аргентина құрамасы финалда португалиялықтардан 1-2 есебімен жеңіліс тапты.
Ең әділ ойын (FIFA Fair Play Trophy)
Ең әділ ойыны үшін Fair Play жүлдесін Қазақстан құрамасы жеңіп алды. Бұл жүлде тәртіпті ойын көрсеткен және ең аз сары қағаз алған құрамаға беріледі. Бұдан бөлек Қазақстан құрамасына осы жеңісі үшін 20 мың АҚШ долларын сыйға берілді. FIFA ережесіне сай бұл қомақты қаржы елдегі футзалдың дамуына қолданылуы қажет.