5 наурыз күні Италияда Қазақ күресі федерациясы ашылды. Бұл туралы Қазақ күресi халықаралық федерациясының (ҚКХФ) баспасөз қызметі хабарлады.
ҚКХФ баспасөз хатшысы Ақсұлу Арзықұлованың хабарлауынша, Джорджи Витторио есімді италиялық балуан Қазақстандағы федерацияға хабарласқан.
“Джорджи Витторионың өзі жекпе-жекпен, дзюдомен, белкүреспен, сондай-ақ өзбектің курашымен айналысады. Біздің Қазақ күресі туралы естіп, видеосын көргеннен кейін қатты қызықты. Қазірдің өзінде Италияда Қазақ күресі федерациясын ашып отыр. Енді бүгінгі таңда семинар өткізу үшін бізден төрешілер мен нұсқаушыларды сұрауда”, – дейді Ақсұлу Арзықұлова.
Оның айтуынша, осы жылдың маусым айында Польшада Қазақ күресінен Еуропа чемпионаты өтеді. Қазақ күресi халықаралық федерациясы аталмыш сайысқа италиялық балуандарды қатыстыруға күш салып жатыр.
“Польшада Еуропа чемпионаты 9 салмақ бойынша (8 салмақ және абсолют) өтеді. Польша, Гүржістан, Ресей, Литва, Латвия, Армения елдерінің балуандары нақты келетіндерін айтып отыр. 17 төреші төрелік етеді. Оның жартысы – шетелдік”, – дейді ол.
Еске сала кетейік, Қазақ күресі федерациясы былтыр Иранда да құрылған болатын.