Словенияның бас қаласы Люблянада өтіп жатқан футзалдан Еуропа чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы жартылай финалға шықты. Еурододаның ширек финалында жерлестеріміз Сербия құрамасынан 3-1 есебімен басым түсті.
5 ақпан күні басталған плей-офф кезеңінің алғашқы ойынында Қазақстан құрамасына Сербия құрамасы қарсылық көрсетті. Балқандықтар жарыс қожайыны Словениямен бірге топтық кезеңде турнирдің фавориттерінің бірі – Италия құрамасын артта қалдырып, сенсация жасаған азулы команда болатын. Сербиялықтардың бабы келіскенмен, Қазақстандықтардың бағы жанды.
Ойынның алтыншы минутында Серік Жаманқұлов есеп ашты, Бразилиядан келген Тайнан он үшінші минутта есепті еселеді. Сербиялықтар ойынның бітуіне бес минут қалғанда Рачевичтің тырысуымен есепті қысқартқандай болды. Қырық минут бойы Игита күзеткен қақпаға тыным бермеген Сербия құрамасының кешегі кеште жолы болмады: бірде қақпашы құтқарса, бірде соққылар қорғаушылардан қайтып жатты, тіпті қақпа бағанының сан мәрте қақпашыға көмекке келіп, голдан аман алып қалған кезі болды. Ойын аяқталуына санаулы секундтар қалғанда құрамадағы жігіттер сербиялықтардың тәуекелге барып, қақпашысыз ойнағанын ұтымды пайдалана білді: «Қайрат» футзал клубының жұлдыз ойыншысы Дуглас ойынның нүктесін қойды.
Жартылай финалда жерлестеріміз Испания-Украина ширек финал матчының жеңімпазымен күш сынасады. Аталмыш жұп бүгін кешке алаңға шығады. Ойын Астана уақытымен (7 ақпан) 02:00-де өтеді.
Словенияда 30 қаңтар – 10 ақпан аралығында футзалдан өтетін Euro-2018 біріншілігіне 4 топқа бөлінген 12 команда келді. Топтық кезеңде бірінші және екінші орын алған командалар плей-офф кезеңіне шықты. Ширек финалдың алғаш екі ойыны өтті. Қазақстанмен бір топта өнер көрсеткен Ресей құрамасы екінші ширек финал матчында алаң қожайындары Словениядан 2-0 есебімен басым түсті. Бүгінгі ширек финалдық ойындарда Испания–Украина матчымен қатар Португалия–Әзірбайжан кездесуі өтеді.
Топтық кезеңде жерлестеріміз екі ойын көрсетіп, біреуінде Польша құрамасын 5-1 есебімен ойсырата ұтса, екінші кездесуде Ресеймен тең (1-1) түсіп, топтан бірінші орынмен шықты.
Euro-2018 – Қазақстан ұлттық құрамасы қатысып отырған екінші құрлықтық дода. Осыдан екі жыл бұрын алғаш рет Еуропа чемпионатында өнер көрсеткен жерлестеріміз қола медаль ұтқан еді. Сондай-ақ, Қазақстан ұлттық құрамасы – алғашқы чемпионатында бірден медаль ұтқан тұңғыш команда.
-Еуропадағы бразилиялықтар
Бразилиялық Какау жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасында бас бапкердің бес жерлесі ойнайды. Футзал мамандары Игита, Лео, Дуглас Джуниор, Павел Таку және Тайнан сынды Қазақстан азаматтығын қабылдаған бразилиялықтардың ұлттық құрамада ойнауына байланысты қазақстандық ойыншылардың ойнау шеберлігі мен ойлау жылдамдығы арта түскенін айтады. Ел чемпионы «Қайрат» командасы да бразилиялық легионер ойыншылардың арқасында УЕФА чемпиондар лигасында екі рет топ жарған болатын.
Бразилиялықтардың Еуропа футзал құрамаларында ойнауы – Қазақстанда ғана бар тәжірибе емес, Мысалға, Ресей құрамасын жергілікті бапкер жаттықтырғанмен, құрамында Ромуло, Эдер Лима, Робиньо, Эскуердинья және Катата секілді бес бразилиялық өнер көрсетеді. Алесио Да Сильва есімді бразилиялық бастап келген Әзірбайжан құрамасында бапкердің жеті бірдей отандасы доп тебеді. Эдуардо, Буел, Вассура, Эвертон Кардозо, Болинья, Финео мен Рафаэль Виллела сынды оңтүстікамерикалықтар Әзірбайжанды отаным деп біледі.
Ерлан Мұқан