Қазақстандық жеңіл атлет, Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова және бокстан ұлттық құраманың капитаны, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев Токио Олимпиадасында Қазақстан туын алып жүреді. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады.
Ту ұстаушыларды Қазақстан ҰОК Атлеттер комиссиясы ұсынған.
“Тарихи Токио Олимпиадасының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Сағына күткен Олимпиада ойындары өтеді және де оған Қазақстан мақтанышпен өзінің ең үздік спортшыларын аттандырады. Ең лайықтылары іріктелді. Мен Ольга Рыпакованың Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан Туын алып шығатынына қуаныштымын. Себебі, Ольганың арқасында көк байрағымыз Олимпиада көгінде бір емес, бірнеше рет желбіреді. Қамшыбек Қоңқабаев – қазақстандық спорттың күші мен шеберлігінің үлгісі. Олимпиада шаршы алаңында зор жауапкершілікке ие болған бокс құрамасының капитаны. Екі спортшы да қатарластарының алды, құраманың көшбасшылары және жас буынға үлгі. Қос атлетке және барлық олимпиадалық құрамға сәттілік тілеймін”, – деді Қазақстан ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев.
Ольга Рыпакова үшін Токиодағы Олимпиада оның спорт мансабындағы төртінші Олимпиадасы болмақ. Ол үш қарғып секіру бойынша 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында күміс, 2012 жылы Лондонда алтын және 2016 жылы Риода қола медаль жеңіп алды.
Бұдан бөлек, Ольганың еншісінде Универсиадада алтыны және Азия ойындарының алты алтын медалі бар. Сондай-ақ, әлем чемпионы және 2010 жылғы құрлықтық кубогтің иегері.
“Олимпиада ойындарындағы Қазақстанға тиесілі он алты алтынның үшеуін әйелдер жеңіп алды. Жылдан-жылға спорттағы әйелдер саны артып, олар жаңа рекорд орнатады деп сенемін. Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында еліміздің туы сеніп тапсырылғаны керемет сезімге бөлейді. Дәл осы миссияның маған ұсынылғанына және сеніп тапсырылғанына қуаныштымын”, – дейді Ольга Рыпакова.
Қамшыбек Қоңқабаев – бокстан Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының капитаны. Ол 2014 жылғы әскерилер арасында әлем чемпионы, Азия чемпионатының екі дүркін және 2017 мен 2019 жылғы әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері. Токио Олимпиадасы 29 жасар қызылордалық спортшы үшін алғашқы Олимпиадасы болмақ.
“Токиодағы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында туды ұстап шығуды маған сеніп тапсырғаны үшін Қазақстан мен еліміздің спорт қоғамына алғыс білдіргім келеді. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік және үлкен мәртебе. Біздің құрамадағы көптеген спортшылар сияқты Токио Олимпиадасы менің спорт мансабымдағы алғашқы Олимпиада ойындары болмақ. Біз бұл Олимпиаданы ұзақ күттік және оның өтетініне өте қуаныштымыз. Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік жасағаны үшін біз президентімізге, мемлекетемізге және де Ұлттық Олимпиада комитетіне зор алғысымызды білдіреміз. Ендігі кезек бізде!”, – деді ту ұстаушы Қамшыбек Қоңқабаев.
Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 шілдеде Токио Олимпиада стадионында өтеді. Олимпиадалық команда Токиоға жіберілгенге дейін жаттығу базаларында кем дегенде екі апта карантинде болады. Команда Жапонияға 16 шілдеде аттанады. Қауіпсіздік пен денсаулықты қорғауды қамтамасыз ету үшін делегацияның рейстері “Air Astana” әуе компаниясының чартерлік рейстерімен жүзеге асады.