«QAZAQ» Канадалық «Жаман баланы» техникалық нокаутқа жіберді

0
199

Кешегі тартысты өткен бокс кешінде отандасымыз Қанат Ислам қарсыласы “Bad Boy” (лақап есімі “Жаман бала”) Брэндон Кукты 9 раундтың 29 секундында техникалық нокаутқа жіберіп, жеңіске жетті.

24 жекпе-жегінің бірінде жеңіліс таппаған отандасымыз Қанат Ислам мен қарсыласы канадалық 18 жекпе-жегінің бірінде жеңіліс көрмеген былғары қолғап шебері Брэндон Кук кешегі өткен кәсіпқой бокс кешінде шаршы алаңда тартысты бәсеке өткізді.

Алғашқы раундты сәтті бастаған отандасымыз Қанат Ислам екі раундта да қарсыласына есе жібермеді.

3-ші раундта қарсыласын ауыр нокдаунға жіберген Қанат 5-ші және 8-ші раундтарда да сол жетістікті қайталады.

9-раундқа дейін қарсыластар бір-бірін ала алмай, сәтті тұстың аңдысын аңдып, біраз тер төкті. 9 раундта «Жаман балаға»  соққыларды үдеткен «QAZAQ» 9 раундтың 29 секундында канадалықты ойсырата жеңіп, жеңіс туын желбіретті.

Бокс сүйер қауым отандасымыз Қанат Исламның жеңісіне дуылдата қол соғып, шат-шадыман көңіл-күйде спорт алаңын дүр сілкіндірді.

Қанат Исламнан өзге кәсіпқой бокс кешінде қолғап түйістірген 8 боксшымыздың бәрі де шаршы алаңда іркілмей, жеңіске жетті.

Алғашқы болып рингте қолғап түйістірген астаналық Мейірім Нұрсұлтанов керемет көрсеткішпен 1 раундта-ақ қарсыласы бразиялық Исмаэл Буэно Сао Паулоны нокаутқа жіберді.

Екінші болып шаршы алаңға шыққан «Нью-Йорктың үздік полицейі» Димаш «Lightning» Ниязов тартысты бәсекенің 6 раундында бразилиялық Эдуардо Перейра дос Рейсті ойсырата жеңсе, алматылық Айдос Ербосынұлы аргентиналық қарсыласын 2-ші раундтың 2 минут 34 секундында айқын басымдылықпен жеңді.

Алматылық Али Ахмедов 8-ші раундтың 1 минуты 4 секундында америкалық қарсыласын техникалық нокаутқа жіберіп жеңіске жетсе, тараздық жерлесіміз Нұрсұлтан Жанабаев 7-раундтың секундтары өтпей жатып қарсыласын нокаутқа жіберіп үлгерді.

Аса ауыр салмақ дәрежесінде жеңісті сарапқа салған Руслан Мырсатаев шаршы алаңда тартысты жұдырықтасып, жеңіс туын желбіретсе, алматылық отандасымыз Жәнібек Әлімханұлы бразилиялық қарсыласы Гильберто Перейра Дос Сантосқа өте мығым соққылар бағыттап, кәсіби бокстағы екінші жеңісінің шыңына шықты.

Алматылық Жанқош Тұраров 93 те 97 есебімен аргентиналық қарсыласын ойсырата жеңді. Шаршы алаңда сөз алған отандасымыз халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі аясында аталған кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсетіп жатқанына қуанышты екенін жеткізіп, Елбасы Н. Әбішұлына және ұйымдастырушыларға зор алғысын білдірді. Жанқоштың қарсыласы аргентиналық Бруно Леонардо шаршы алаңға қазақ шапанын киіп шығып, алаң назарын өзіне аударды.

Кәсіпқой бокс кешінің соңында сөз алған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қарсыластарының бірінен жеңіліс таппаған былғары қолғап шеберлерімізді сәтті жеңістерімен құттықтады. Айтулы кеште бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ермахан Ыбырайымов, 2016 жылы Бразилияда өткен Олимпиада ойындарының чемпионы Данияр Елеусінов те көрермен болды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз