2 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Токио Олимпиадасына қатысатын спортшылармен кездесті.
Қазақстан құрама командасының негізгі бөлігі кездесуге Алматы облысындағы “Ақбұлақ” олимпиадалық орталығынан онлайн қатысты. Онда спортшылар Токиоға аттанар алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.
Кездесуде президент Қазақстан республикасының мемлекеттік туын алғаш рет екі бірдей ту ұстаушыға – жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевқа табыстады.
Токиодағы олимпиада ойындары 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді. Олимпиадада 33 спорт түрінен 339 медаль сарапқа салынады. Олимпиадаға жаңадан бес спорт түрі енді. Олар: бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг.
16 шілдеде Токиоға Қазақстаннан 95 спортшы аттанады. Отандық атлеттер 27 спорт түрі бойынша 96 лицензия жеңіп алды.
Қазіргі уақытта ҰОК халықаралық федерациялардың кейбір іс-шаралардағы лицензияларды қайта бөлу нәтижелерін күтуде.
Олимпиадаға қатысушылардың соңғы тізімі 5 шілдеден кейін белгілі болады.