Токио Олимпиадасы: Қазақстан қоржынында әзірге екі қола

0
288
Токио Олимпиадасының ашылу салтанаты. Қазақстандық спортшылар. Photo: Turar Kazangapov

Токио Олимпиадасы да басталды. Қазақстан қоржынында әзірге екі қола медаль бар. Алғашқы қоланы дзюдошы Елдос Сметов иеленсе, екінші медаль зілтемірші Игорь Сонға тиесілі. 

ЕЛ ҚОРЖЫНЫНА АЛҒАШҚЫ МЕДАЛЬДІ ЕЛДОС СМЕТОВ САЛДЫ 

28 жастағы Сметов қола медальға таласта Торнике Цьякадоеаны (Нидерланд) жеңді. Алғашқы айналымдарда түрік Михраш Аккуштан, ширек финалда оңтүстік кореялық Ким Вон Джиннен (әлем чемпионатының екі рет қола жүлдегері) таза, яғни иппон әдісімен басым түсті.

Токио олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов. Photo: Olympic.kz

Елдос Сметовтың қола жүлдесі – Токио олимпиадасындағы қазақстандық спортшылардың жолашары. Яғни алғашқы толыққанды жарыс күнінде-ақ Қазақстан еншісіне бірінші медаль бұйырып, жарыс күнін бірден жүлде алған 20 ел қатарында аяқтап отырмыз.

Сметов – дзюдо спортынан олимпиаданың екінші жүлдесін жеңіп алған тұңғыш балуан. Бұған дейін Асқат Житкеев (2008 жыл, Бейжің) – күміс, Отгонсетсег Галбадрах (2016 жыл, Рио) қола жеңіп алған болса, Сметов 2016 жылғы күмісіне биыл Токио қоласын қосып отыр.

Елдос Сметов – екі олимпиадада жүлдеге қол жеткізген жетінші қазақстандық спортшы. Оған дейін Е.Ыбырайымов, Б.Жұмаділов, А.Винокуров, Ә.Ниязымбетов, Г.Манюрова және И.Дычко қос олимпиадада олжа салды. О.Рыпакова үш олимпиаданың жүлдесін иеленді.

Токио олимпиадасының жартылай финалында Сметовті “алтын ұпаймен” жеңген Наохиса Такато. Ол – Елдостың ең ыңғайсыз қарсыласы.

Токио олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов. Photo: Olympic.kz

Бұған дейін Такато мен Сметов 5 рет кездессе, бесеуінде де Такато басым түсіпті. Токио татамиі де осы заңдылықты растады, яғни Наохиса Елдосты алтыншы рет жеңіп, олимпиада алтынына жол ашты. Заңдылық та, дәстүр де бұзылған жоқ.

Сметов 2015 жылы әлем чемпионатында, 2014 жылы Азия ойындарында алтын алған.

ЗІЛТЕМІРШІ ИГОРЬ СОН ЕКІНШІ ҚОЛАНЫҢ ИЕГЕРІ

Токио олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сон. Photo: Olympic.kz

Қазақстандық зілтемірші 61 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Игорь Cон жұлқа көтеруде 131 келіні бағындырса, серпе көтеруде 163 келіні еңсерді.

Осы орайда, төрешілер Игорь Сонның екі мүмкіндігін есепке алған жоқ. Қоссайыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы 294 келіні көтерді.

Алтын жүлдегері қытайлық Ли Фабин (313 келі), күмісті индонезиялық Эко Юли Иреван (302 келі) иеленді.

26 ШІЛДЕГЕ АРНАЛҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СПОРТШЫЛАРДЫҢ ЖАРЫС КЕСТЕСІ.

Нұр-Сұлтан мен Токио арасындағы уақыт айырмашылығы +3 сағат.

26 шілдеде жарыс жолына шығатын қазақстандықтар төмендегідей: 

Стенд ату, скит. Әйелдер: 

Әсем Орынбай, Зоя Кравченко

Басталуы: 06:00

Садақ ату. Ерлер. Командалық жарыс: 

Қазақстан (Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин, Санжар Мұсаев)

Басталуы: 06:30

Дзюдо. Ерлер:

Жансай Смағұлов (73 келі)

Басталуы: 08:00

Теннис. Әйелдер: 

Елена Рыбакина – Ребекка Петерсон (Швеция)

Басталуы: 08:00

Каноэ, слаломды есу. Ерлер: 

Александр Куликов

Басталуы: 11:00

Үстел теннисі. Ерлер: 

Кирилл Герасименко — Тимо Болль (Германия)

Басталуы: 11:30

Бокс. Ерлер:

Сәкен Бибосынов (52 келі)

Басталуы: 15:03

Ауыр атлетика. Әйелдер: 

Зүлфия Чиншанло (55 келі)

Басталуы: 16:50

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз