Сербия астанасы Белградтағы әлем біріншілігінің финалында 48 келіде бокстасқан Теміртас Жүсіпов таиландық Вуттичай Юрачайды 5:0 есебімен жеңіп, турнирдегі Қазақстан командасының алғашқы алтынына қол жеткізді.
“Бүгінгі жеңісімде қазақ еліне, қорғаныс министрлігіне, армия спорт клубына, әскери әріптестеріме, бапкерлерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Жеңісімді қазақ еліне, әскердегі әріптестеріме арнаймын”- дейді Теміртас Жүсіпов.
Бұдан бөлек Теміртастан кейін рингке шыққан Махмұд Сабырхан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 54 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Махмұд финалда жапондық Тамоя Цубойдан 0:5 есебімен ұтылды. Бұл 20 жастағы спортшының ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатына қатысуы болды.
“Финалда не жетпей қалғанын білмеймін. Үшінші раундта көп ұрған сияқты едім. Қуып жүріп ұрдым. Мақсатым – жеңіске жету еді. Жеңімпаз болмағаным үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Алда әлі талай әлем чемпионаттары мен Олимпиада сындары бар. Сол сындарда алтын аламын. Осы әлемдік сынға Бақтияр Артаев ағамыз иеленген Вэлл Баркер кубогін аламын деп келіп едім. Орындалмай қалды”, – деп көзіне жас алды Махмұд Сабырхан.
Биылғы әлем чемпионатына спортшылар 13 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтауда. Қазақстан құрамасы аталған дүниежүзілік біріншілікке толық құраммен қатысуда. Белградқа әлемнің 88 елінен барлығы 510 былғары қолғап шебері келді.
6 қараша күні финалда Қазақстан сапынан 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Сәкен Бибосынов және 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Серік Теміржанов шаршы алаңға шығады.
- Сәкен Бибосынов – Роско Хилл (АҚШ)
- Серік Теміржанов – Джамал Харви (АҚШ)