Атамбаев арандатушылығымен ғана ел есінде қалады – Мұхтар Құл-Мұхаммед

0
92
дереккөзден

«Қазір әлеуметтік желі атаулыны ашып қалсаң да, компьютердің тетігін басып қалсаң да Атамбаевтың қазақ пен қырғыз арасына от тастаған сөздері желдей есіп тұр. Білдей бір үлкен мемлекетті басқарып отырған президенттің аузынан қайта-қайта шығып жатқан былапыт сөздер, екі ел арасына іріткі салып, алатайдай бүлдіруде. Бойында ұлттық намысы бар азаматтың оған шыдауы мүмкін емес. Айдың күні аманында Атамбаевты не түлен түртті?» деген салмақты сауал жолдаған Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Егемен Қазақстан» газетінде «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген мақаласы жарық көрді.

Мақалада «Я признался в узком кругу, что я всегда жалел о том, что не у нас первый президент был Назарбаев. Вы все-таки цените, берегите своего Президента», – деген мақтаумен бас­тап, «Я мало кого хвалю, Вы на самом деле, Нурсултан Абишевич, великий человек с щедрой душой, и, наверное, Бог поэтому Вас любит, и, наверное поэтому Бог так много дает Вам и Казахстану. И не зря за эти годы такой рывок сделан в Казахстане», – деген Атамбаевтың кезінде басқаша сайраған сөздерін түпнұсқа тілінде еш өзгерместен беріледі.

Атамбаевтың таным көкжиегінің кеңдігіне шүбә келтірген автор «Атамбаевтың сауаты шамалы адам екенін Қазақстанға келген сапарында: «Революцияға дейінгі қазақтар туралы деректер үнемі қырғыздар жайлы зерттеулерде берілген», – деген сөзінен-ақ байқағанбыз”, – деп келтіреді. Оған дәлелді мысал ретінде «Для нас, киргизов, Россия – это наша историчес­кая прародина», «…каждый кыргыз знает, что для кыргызов Турция – путе­водная звезда, Родина-мать, указы­вающая нам дорогу» деген Атамбаевтың сөздерін атап көрсетеді.

Аталған ой-түйінін қорытындылаған мақала авторы

«Саясат үшін талай нәрсені айтуға болар-ау, бірақ ел аман, жұрт тынышта «Отан-Ананы» айырбастау мүлде ақылға сыймайтын нәрсе”,

– деген ұтымды пікір білдіреді.

Бұдан өзге Атамбаевтың 7 қазан күні Қырғызстандағы Ала-Арча резиденциясында мемлекеттік марапаттауларды табыстау рәсімінде «Қазақтар – 500 жыл бұрын сұлтан қылып «чингизиды» (Шыңғыс хан тұқымы) тұқымын қойған, және қазіргі таңда да оларды қазақтар емес «чингизидтер» басқарып келе жатқандай»,деген сөзіне М. Құл-Мұхаммед

«Кезінде Атамбаевтың: «Қазақты Шыңғыс хан тұқымы билеп келген» деген бесінші сыныптың баласына дейін мәлім аксиоманы кінәрат ретінде алға тартқанда, апырай, мына кісі Шыңғыстың бір тұқымы Құбылай – Қытайды, Жошы ұрпағы – орыс, қазақты, Шағатай әулеті – қырғыз, өзбек, түркіменді, Құлағу жұрағаты кавказ, араб, парсы жұртын билегенін білмегені ме? Қазақ XV ғасырдан дербес хандық ретінде бөлініп шыққанда, қырғыздар орыс отарлығына дейін Қоқан хандығына қарап келгенінен еш хабарсыздығына таң-тамаша қалып едік. Сөйтсек, ол өз ұлтының тарихын қойып, ата-бабасының қайдан тарайтынын мүлде білмейтін болып шықты»

– деп түйінді ой тастайды.

Сөз соңында М. Құл-Мұхаммед Атамбаевтың билік еткен 6 жылында ел экономикасының шатқыаяқтап, даму деңгейінің кері кеткенін алға тартады.

«Атамбаев қырғыз тарихында несімен қалады? Тым арыға бармай-ақ, кез келген елдің даму деңгейін анық көрсететін екі-ақ дерек келтірейік. Ол билікке келгеннен кейінгі 2012 жылы Қырғызстанның ішкі жалпы өнімі 6,6 миллиард доллар болса, өткен жылы ол 6,5 миллиардқа кетті. Иә, біз айтуға да, жазуға да дағдыланғандай өскен жоқ, қайта кері кетті. Осыған қарап, бұл елде өсім мүлде жоқ екен деп ойламаңыз?! Бар. Елдің мемлекеттік қарызы 2012 жылы 156 миллиард сом болса, 2016 жылы ол 284 миллиард сомға, яғни екі есеге жуық өсті”.

Тарихта“Герострат даңқы” деген ұғым барын мысалға алған мақала авторы

  «Герострат даңқы» деген ұғым ақымақтықтың белгісі ретінде ғана қабылданады. Қазақтан сөз қалған ба, біздің халық мұндайды «атың шықпаса жер өрте» деген. Не экономикада, не саясатта атын шығара алмаған Атамбаев осы арандатушылығымен ғана ел есінде қалады”

– деп түйіндейді.

«Ендеше қазақ-қырғыз арасындағы әлеуметті алаңдатқан ыңғайсыздау жағдай Атамбаевпен біржолата кетіп, алдағы уақытта ағайынды қос халықтың ынтымағы жарасқан, береке-бірлікшіл тірлігіне куә болайық, ағайын», – деп бауырлас қос халықты ауызбіршілікке шақырған М. Құл-Мұхаммед негізсіз сөздердің арасын Алатау ғана бөліп тұрған тамырлас халықтардың бірлігіне селкеу түсірмегеніне бейілді екенін жеткізеді.

Аңдамай сөйлеген айыр қалпақты қырғыз басшының  сөздері жылғадан аққан судың құмға сіңіп  жым-жылас жоқ болатыны тәрізді ұшпағы жоқ, беймәлім анықсыздық қана.  Уақыт белдеуіне бағынбайтын тіршілік иесі қане?…

Сабина Сайлаубай

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз